Талдықорғанда арыққа ағып кетіп, жүрегі тоқтап қалған екі жасар қызды жедел жәрдем дәрігері қайта «тірілтіп» алған
Қыздың жүрегі біраз уақыт соқпаса да, Алмабек Батқалбаев оны ажалға қимаған
Талдықорған қаласының жедел жәрдем станциясында жұмыс істейтін Алмабек Батқалбаев екі жасар қызға екінші өмір сыйлаған: абайсызда арыққа құлап кетіп, жүрегі тоқтап қалған екі жасар қызды жан-жағы өлдіге санаса да Алмабек жол бойы оның жүрегіне массаж жасаған. Үміт үзіліп, қыз ауруханаға дейін есін жимаған: алайда, аурухананың алдына келіп тоқтай бергенде бүлдіршін шыр етіп жылап жіберген, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бұл таңғажайып оқиғаны қоғам белсендісі Александр Цой жазып отыр. Ол Алмабектің суретін жариялап, оған балалардың «періштесі» деген ат берген.
«Талдықорғанның жедел жәрдеміне шұғыл қоңырау түскен: көшеде ойнап жүрген екі жасар қыз абайсызда арыққа түсіп, суға тұншыға бастаған. Адамдар баланы судан барынша тез алып шықса да баланың жүрегі тоқтап, есінен айырылған. Жедел жәрдем бригадасының фельдшері Алмабек Батқалбаев арық жанында жатқан баланың жүрегіне массаж жасай бастаған. Түк шықпаған соң шұғыл түрде көлікке салып алып, ауруханаға жеткенше массаж жасаған. Алмабектің өзі айтқандай, бала жол бойы дем алмаған. Қанша күш салса да баланың жүрегін жол бойы соқтыра алмаған. Бірақ, Алмабек сонда да берілмей, баланың жүрегіне массаж жасай берген. Кенет, ғажап орын алды: ауруханаға келіп тоқтай бергенде бүлдіршін шыр етіп жылап жіберген. Онымен бірге Алмабек те көз жасына ерік берген», - деп жазады Цой.
Бұл жазбаны оқыған халық Алмабек Батқалбаев сияқты дәрігерлер нағыз марапат пен алғысқа лайық екенін айтып, оған жақсы тілектерін жаудырып жатыр.