Қуат Хамитов жекпе-жек өткізу үшін Мәскеуге барды
Жекпе-жек 25 қыркүйекте өтеді
Қазақстандық файтер Қуат Хамитов (18-7-1) келесі жекпе-жегі өтетін Мәскеу қаласына барды. Хамитов 25 қыркүйекте Fight Nights Global 98 турниріне қатысады. Қазақстандық спортшының қарсыласы – ресейлік Олег Косинов (7-5).
Соңғы рет Қуат Хамитов октагонға (2019 жылдың 25 сәуірінде) Мәскеуде өткен Fight Nights Global 93 турнирінде шыққан еді. Ол кездесуде қазақстандық файтер төрешілердің шешімімен әзірбайжандық Нариман Аббасовтан (24-3) жеңілді.
Еске сала кетейік, 14 қыркүйекте Қуат Хамитов зорлық-зомбылыққа шақырған видеосы үшін полицияға жеткізілді. Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділда Ораз танымал спортшы Қуат Хамитовтың әлеуметтік желіде жарияланған үндеуіне қатысты пікір білдіріп, оның әрекетін «қылмыстық іс» деп бағалады.
15 қыркүйекте Алматы полициясы ережесіз жекпе-жек шебері Қуат Хамитовтан жауап алған соң, оны үйіне жіберді.