ШұғылCOVID-19 жұқтырған 16 науқас аса ауыр халде жатыр

«Мен өз айтқанымнан бас тартпаймын»: полиция Қуат Хамитовты босатты

Спортшы келесі аптада Ресейге жекпе-жекке аттанады

Фото: Марат Қалдыбаев

Алматы полициясы ережесіз жекпе-жек шебері Қуат Хамитовтан жауап алған соң, оны үйіне жіберді. Спортшыны құқық қорғау органының қызметкерлері кеше түстен кейін «Гранд Опера» қонақүйінде демалып жатқан жерінен ұстап әкеткен. Бір тәулікке жуық тергеуде болған Қуат Хамитов дезинфекция шашып жүргендерді соққыға жығып, қала үстімен ұшып жүрген тікұшақтарды автоматпен атып түсіруге шақырған болатын. Бұл туралы ол өзінің Инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасында бейнеүндеу жасаған. Көп ұзамай «Найман» деген лақап атпен белгілі спортшының ұсталғаны белгілі болды. Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі Қ. Хамитовтің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын растады. 

Бүгін сағат 11-де ережесіз жекпе-жектен спорт шебері Полиция департаменті ғимаратынан шыққан соң, Azattyq Rýhy тілшісіне өз пікірін білдірген болатын.

«Біріншіден халыққа, жанкүйерлеріме, қолдау білдірген журналистерге алғыс білдіремін. Ешқандай қысым болған жоқ, қазір бостандықтамын. Мен халықтың адамымын, өз ой-пікірімді бөлісіп отырамын. Өз азаматтық позициямды ел атынан білдіріп отыратын кездер де болады. Мен қашанда өз айтқанымда тұрамын. Ойым өзгерген жоқ. Бірақ ешкімді атып-қырудың қажеті жоқ. Ауылда бұрын таспен, таяқпен ататын. Ата-апаларымыз айтып отыратын. Бірақ ешкімді атудың қажеті жоқ. Ойым, ісім халықпен бірге. Егер бірдеңенің халыққа зияны тисе, халықтың атынан сөйлеймін», - деді Хамитов.

Спортшы бірнеше күннен соң қосымша мәлімдеме жасайтынын айтты. Ол қазір жаттығу жүргізіп жатқанын жеткізді. Екі аптадан соң Мәскеуде Олег Косинов есімді спортшымен жекпе-жек өткізеді. Қуат Хамитов жартылай орта салмақтағы титулдық кездесуге бір жарым жылдық үзілістен соң оралмақ.

Бірақ қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі халықты зорлық-зомбылыққа шақырған спортшыға қатысты істің тоқтамағанын мәлімдеді. Салтанат Әзірбектің айтуынша, тергеу жалғасады және күдіктінің іс-әрекетіне қатысты сараптама жүргізіледі. 

«Азамат Хамитовтің іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 272-бабы 3-ші тармағы бойынша  саралануда. Қазір Алматы қаласы ПД Тергеу басқармасында қылмыстық іс тергеліп жатыр. Хамитов сұраққа алынды. Барлық тергеу амалдары мен процессуалдық әрекеттерді жүргізіп болған соң, қылмыстық іс бойынша шешім қабылданады», - деді ресми өкіл.

Айта кету керек, күдіктіге «Билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртiпсiздiкке шақыру не жаппай тәртіпсіздікке арандату, сол сияқты азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру» деген айып тағылған. Бұл бап негізінде үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Спортшы өзі таратқан видеода «Кеше адамдар тағы да дезинфекция жасай бастады. Халықты улап жатыр. Бұл адамдарды көрсеңіздер тепкінің астына алыңдар, таспен, таяқпен ұрыңдар. Халықты улауын доғарсын. Ал тозаң шашып жүрген тікұшақ көрсеңдер, автоматпен атып түсіріңдер. Бәрі соғыстағыдай: біреулерді тоқтатсақ, мың адамды құтқарамыз», – деген болатын.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы