Бас прокуратура Каспийдегі сарбаздардың өліміне күдікті ретінде бірнеше лауазымды қызметкерді анықтады
Олардың қауіпсіздікті қамтамасыз етпегені, құтқару жұмысын тиісінше өткізбегені белгілі болды
Бас прокуратура Каспий теңізіндегі сарбаздардың өліміне себеп болған күдікті лауазымды қызметкерлерді анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қазасына байланысты тергеу жүргізіп жатыр.
«Оқиға орнына қарап-тексеру жүргізіліп, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынды, құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленді. 12 сараптама тағайындалды. Қызметке салғырт қарады деп күдік келтірілген, сондай-ақ метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау мен қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етпеген, құтқару жұмысын тиісінше ұйымдастырмаған, соның салдарынан сарбаздардың қаза болуына әкеп соққан лауазымды тұлғалар анықталды», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Ведомство тергеу барысында күдіктілердің әрекеттеріне толық құқықтық баға беріп, оларға қатысты процестік шаралар қабылдайды.
Айта кетейік, Каспий теңізінде оқу-жаттығу барысында ауа райы бұзылып, 17 сарбаз суға кеткен. Өкініштісі, олардың арасында 12 әскери қаза тауып, 3-еуі ғана құтқарылды. Қазіргі уақытта қалған сарбаздарды іздеу жұмысы жүріп жатыр. Оқиғаға байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу барысын ерекше бақылауына алды. Қорғаныс министрлігі көп ұзамай қаза тапқан сарбаздардың аты-жөнін жариялады. Қаза болған сарбаздардың отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні белгілі болды. Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың туыстарына көңіл айтты.