«Әуежай маңындағы қоқыс полигондары қауіпті»: Қазақстандағы ұшақтарға 300 рет құс соқтығысқаны анықталды
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі әуежай маңындағы аумақтарды бақылауды күшейтуді ұсынды
Қазақстан әуежайларының маңында орналасқан қоқыс полигондары ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр.Тек 2025 жылдың өзінде елде ұшаққа 300 рет құс соғылған. Әуежайлар маңындағы қауіпсіздік мәселелері туралы Қазақстанның авиациялық әкімшілігі басшысы Майкл Дэниел айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Атырау, Семей, Өскемен, Көкшетау, Балқаш және Үржар әуежайларының маңында орналасқан қоқыс полигондары әуе кемелерінің құстармен соқтығысу ықтималдығын арттырып, авиакомпаниялардың жұмысына шектеулер туғызады. 2025 жылы құстар 280 рет ұшаққа соғылған, биыл бірінші тоқсанында – 33 рет», – деді Майкл Дэниел үкімет отырысында.
Оның айтуынша, ең проблемалы нүктелердің бірі Атырау әуежайының маңында орналасқан. Сонымен қатар, авиациялық әкімшілік әуежайлар маңындағы бей-берекет бой көтеріп жатқан құрылыстарға алаңдады.
«Алматы әуежайының маңындағы аумақта шамамен 160 кедергі анықталды және Шымкент әуежайы ауданында 150-ден астам нысан тіркелді», – деп нақтылады Қазақстанның авиациялық әкімшілігі басшысы.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мәселені шешу бойынша ұсыныстар әзірлеп қойған, алайда оларды жүзеге асыру жергілікті атқарушы органдарға байланысты.
«Бұл мәселелерді шешу үшін Қазақстанның авиациялық әкімшілігі әуежай маңындағы аумақтарды аймақтарға бөлу схемаларын әзірлеп, әкімдіктерге жолдады. Алайда көп жағдайда бұл схемалар әлі күнге дейін елді мекендерді дамытудың бас жоспарларына енген жоқ, бұл әуежайлар маңында жаңа нысандар мен кедергілердің одан әрі пайда болуына әкеліп отыр. Жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды күшейту қажет, бұл өз кезегінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және әуежайлардың тұрақты дамуының маңызды шарты болып қала береді», – деп қорытындылады Майкл Дэниел.