Олжас Бектенов Астанадан Лондон, Париж, Рим және Венаға тікелей әуе рейстерін ашуды тапсырды

Бұл инвесторлар мен туристерді тарту үшін маңызды

Олжас Бектенов Астанадан Лондон, Париж, Рим және Венаға тікелей әуе рейстерін ашуды тапсырды
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Үкімет басшысы Олжас Бектенов үкімет отырысында Еуропа елдерінің астаналарына Қазақстанның астанасынан 2027 жылы тікелей рейс ашуды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Көлік министрлігіне Air Astana компаниясымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін елордамыздан Токио мен Нью-Йоркке тікелей әуе қатынасын ашуды, ал 2027 жылы Астанадан Лондон, Париж, Рим, Вена және басқа да қалаларға рейстер іске қосуды тапсырамын. Бұл инвесторлар мен туристерді тарту үшін маңызды», – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар, премьер-министр Қазақстан шетелдік әуе тасымалдаушыларын тарту және транзиттік жүк тасымалын дамыту бағытында шаралар қабылдап жатқанын айтты.

«Біз Қазақстанға шетелдік әуе компанияларын тарту, соның ішінде транзиттік жүк рейстерінің санын арттыру үшін авиаотын бағасын тартымды еттік. Мемлекет басшысы отандық жүк әуе компаниясын құруды тапсырды. Бұл жоба қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр. Биылғы қазан айында Қазақстанға алғашқы жүк ұшағы жеткізілуі тиіс. Көлік министрлігіне бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын», – деп атап өтті Үкімет басшысы.