Батыс Қазақстанда ондаған жыл жөндеу көрмеген күрежолға жаңа асфальт төселетін болды

Жол жөндеу жұмысына бірнеше млрд теңге ақша бөлініп отыр

Батыс Қазақстанда ондаған жыл жөндеу көрмеген күрежолға жаңа асфальт төселетін болды
Фото: istockphoto.com

Орал-Атырау тасжолында ондаған жыл жөндеу көрмеген күрежолға ақыры жаңа асфальт төселетін болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Орал апталығы» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметінше, Орал арқылы еліміздің батыс шекарасына қатынайтын жүк тасымалында есеп жоқ. Республикалық маңызы бар Орал-Атырау тасжолының жалпы ұзындығы 500 шақырымға жуықтаса, БҚО-дағы бөлігі 303 шақырымды құрайды. Биыл өңір аумағында аталған күре жолды орташа жөндеу бойынша 3 жоба жүзеге асырылуда.

Атырау-Орал автожолының 189-249 шақырым учаскесін орташа жөндеу жобасының құны 8,5 млрд теңгеге жуықтайды. Мұнда 20 шақырым жол ресайклинг әдісімен ретке келтіріледі. Кейін 60 шақырым жолдың төменгі қабатына ірі түйіршікті, ал жоғарғы қабатына ұсақ түйіршікті асфальтбетон төселеді. Учаскеде 4 аялдама павильоны орнатылады.

Атырау-Орал автожолының 372-432 шақырым және 432-492 шақырым учаскелерінде орташа жөндеу жүріп жатыр. Мұнда ескі жолдың 29 шақырым бөлігі ресайклинг әдісімен қайта өңделеді. 120 шақырым жол қабаттарына ірі және ұсақ түйіршікті асфальтбетон төселеді. 18 аялдама павильоны орнатылады.

Биыл республикалық маңызы бар «Чапаев-Жалпақтал-Қазталов-РФ шекарасы» автожолының 0-17 шақырым учаскесі де жөнделіп жатыр. Оған 2,7 млрд теңге қарастырылған. 16,5 шақырым жолға ресайклинг жасалады. Учаскеге ірі түйіршікті және беріктігі жоғары арнайы асфальтбетон төселіп, 1 автоматты өлшеу жүйесі орнатылады.

«Ақтөбе-Орал-РФ шекарасы» автожолының 369-408 шақырым аралығы да жөнделіп жатыр. Мұнда 26 шақырым жол ресайклинг әдісімен қайта өңделеді. 39 шақырымға беріктігі жоғары асфальтбетон төселіп, Шідерті мен Өлеңті өзендеріндегі көпірлердің деформациялық жіктері ауыстырылады. Учаскеде 4 аялдама павильоны орнатылады.