«Артында екі баласы қалды»: полицей күйеуі қызметтік көлігімен қағып өлтірген әйел туралы тың ақпарат шықты
Марқұм Жетісу облысында жер қойнына тапсырылды
Алматы облысының Балқаш ауданында әйелін қызметтік көлігімен қағып өлтірген полицейге қатысты тың мәлімет жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
КТК телеарнасының мәліметінше, 39 жастағы келіншек Жетісу облысында жер қойнына тапсырылды. Марқұм Даринаның артында кәмелетке толмаған екі баласы қалған.
Дарина бұрын полицияда істеген. Жақындары оның қазасына күйеуін кінәлап отыр. Айтуларынша, Балқаш ауданының полиция бөлімінде орынбасар болып қызмет атқарған күйеу бала Даринаны қасақана таптап өлтірген.
Тізгіндегі азаматтың қызметі туралы бұған дейін ақпарат құралдары да жазған болатын. Дегенмен Алматы облыстық полиция департаменті бұл ақпаратты растаған да, жоққа да шығарған жоқ. Тек оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынғанын хабарлады.
«Қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу жүргізілуде. Тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Өзге ақпарат ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес жария етілмейді», – дейді Алматы облысы полиция депаратментінің ресми өкілі Ернар Сәйділдин.