Зейнетақы қорынан «тіс емдеу» үшін 46 млрд теңге шешкен үш жігітке іздеу жарияланды (ВИДЕО)
Олар туралы ақпарат берген адамға сыйақы бар

Қаржы мониторинг агенттігі жалған стоматологиялық клиника ашып, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы «артық» ақшаны шешкен үш азаматқа іздеу жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дәлірек айтсақ, Қаржы мониторинг агентті мына үш азаматқа іздеу жариялап отыр:
- Дүйсенов Аслан Қамбарұлы, 01.04.1992 ж.т.
- Иманбаев Ғаббас,18.05.1998 ж.т.
- Елешев Есимхан Баяндыұлы, 11.09.1987 ж.т.
«Аталған азаматтар 46 млрд теңгеден астам қаражатты БЖЗҚ заңсыз шығару мақсатында қылмыстық схемаларды ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Бұл мақсатта олар тіс емдеу қызметі көрсетілгендей жалған медициналық құжаттарды рәсімдеген. Олар Маңғыстау және Атырау облыстарындағы 7 стоматологиялық клиниканы пайдаланған. Аталған мекемелер іс жүзінде ешқандай медициналық қызмет көрсетпеген», - деп хабарлайды ҚМА.
Іздеуде жүрген тұлғалардың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат білген азаматтар Қаржылық мониторинг агенттігіне мына нөмір бойынша хабарлауыңызды сұраймыз: +7 (7172) 70 84 78 – кезекші бөлім.
«Сыйақы мен анонимділікке кепілдік беріледі», - деп хабарлайды ҚМА.
Естеріңізге сала кетейік, қазір Атырауда жалған стоматологиялық қызметтер арқылы азаматтардың зейнетақы қорындағы 200 млрд теңге ақшасын шешіп берген бес қылмыстық топ тергеліп жатыр. Қаржы мониторинг агенттігі бұл істе 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылғанын хабарлады. Дегенмен, тергеуде елу адам және 200-ден астам дроппердің ісі де бар екені хабарланған. Ал, тіс емдету үшін зейнетақы қорындағы артық ақшасын алған азаматтар қылмыстық іске тартылмайтын болды. Кейін денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға зейнетақы қорындағы «артық» ақшасына тіс емдетуге мүлде тыйым салуды ұсынды.