$ 541.18  636.05  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Атырауда зейнетақы қорынан 200 млрд теңге шығарып алған қылмыстық топтар анықталды

Олардың бұл ақшаға қымбат көліктер алғаны белгілі болды

Атырауда зейнетақы қорынан 200 млрд теңге шығарып алған қылмыстық топтар анықталды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қаржылық мониторинг агенттігі мен прокуратураның бірлескен іс-қимылы нәтижесінде «БЖЗҚ»-дан заңсыз қаражат шығару схемасына қатысы бар бес қылмыстық топтың әрекеті анықталды. Күдіктілер жалған стоматологиялық клиникалар арқылы 200 млрд теңгеден астам қаржыны айналымнан шығарып, люкс көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржылық мониторинг агенттігі прокуратураның үйлестіруімен Атырау облысында ауқымды жедел-тергеу іс-шараларын жүргізуде. Атап айтқанда, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» қаражатты заңсыз шешіп алуға жәрдем көрсеткен 5 қылмыстық топтың әрекеті әшкерленді.

Ол үшін ұйымдастырушылар жалған құжаттарды рәсімдеу арқылы елдің әр өңірінде (Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және басқа қалаларда) орналасқандай етіп 30-дан астам стоматологиялық клиниканы пайдаланған.

Шын мәнінде, бұл медицина ұйымдары тек қағаз жүзінде болған, халыққа ешқандай қызмет көрсетпеген. Олардың ғимараттары да, жабдықтары да, білікті қызметкерлері де болмаған. Клиникалардың басшылары мен құрылтайшыларының медициналық білімі де жоқ.

Жалған медициналық құжаттарды рәсімдегені үшін күдіктілер азаматтардың алған қаражатынан 10%-дан 20%-ға дейін заңсыз сыйақы ұстап отырған.

Жиналған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін қылмыстық топтар 226 «дропперді» пайдаланған.

Жалпы, 200 млрд теңгеден астам қаржы айналымнан шығарылған.

Зейнетақы салымшыларының ақшасына күдіктілер 15 қымбат автокөлік (Mercedes-Benz G-class, GLE, BMW X7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade) – жалпы құны 600 млн теңгеден астам – сондай-ақ зергерлік бұйымдар, коммерциялық нысандар, пәтерлер мен жер телімдерін сатып алған.

Қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздестіру жалғасуда. Қазіргі уақытта 59 тінту жұмысы жүргізілді. 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылады.

Серіктес жаңалықтары