Ақнәр Хамиттің ісі: қайғылы түнде марқұмның жанында болған қыз желіге шықты
Оның сөзінше, көпшілік сеніп жүрген нұсқада сәйкессіздіктер бар

Алматыдағы биік үйдің 7-қабатынан құлап, қаза тапқан Ақнәр Хамитпен өлім түні пәтерде бірге болған Рана есімді қыз желіге шығып, өз нұсқасын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
21 жастағы қыз қазір КИМЭП университетінің 4 курс студенті. Ол өзіне жала жабылды деп есептейді.
«Ақнәр, Дидар және мен университетте таныстық. Ақнәр екеуміз бір курста оқыдық. Дидар да сол жақта оқыған, Қытайдан келген студент. Біз үшіміз дос болып араластық. Бірге туған күндерге барып, жиі кездесіп тұрдық. 2024 жылдың 20 мамырында менің анам жол апатынан қайтыс болды. Бұл жағдай мен үшін үлкен стресс болды. Сол кезде Ақнәр мен Дидар маған хабарласып, көңіл айтып, қолдау көрсетті. Кейін 18 шілде күні олар мені қытай мейрамханасына шақырды», - деді ол.
Айтуынша, мейрамханадан шыққан соң олар Дидардың үйінде жиналмақ болып, ішімдік сатып алады.
«Сол күні кешке үйге барып, аздап ішімдік іштік – сыра, шампан және кәрістің «соджу» деген сусынын алдық. Ақнардың өзі алкоголь алуды ұсынды. Сол кеште көңілді отырдық. Музыка қойып, биледік, әңгімелестік. Бірақ кейін бәрі күрт өзгеріп кетті. Ақнәр алдымен жылап, ұйықтап қалғандай болды. Бірақ түннің ортасында кенеттен оянып, шыңғырып, агрессивті әрекеттер жасай бастады. Бір кезде мені жерге құлатып, ұрып, шашымнан тартып, тістеп, бетіме зақым келтірді. Мен қорқып, асүйге тығылдым. Бірақ ол есікті итеріп ашып, қайта шабуыл жасады. Сол сәтте мен өзімді қорғауға тырыстым, бірақ шамам келмеді», - дейді Рана.
Сол кезде Дидар дәретханаға тығылып, Ақнәрдың ағасына аудио хабарлама жіберген екен. Желіде тараған «бір қызды өлтіріп жатыр, кешіріңіз» деген дауыстың иесі осы – Дидар. Рана сол жердегі жәбір көріп жатқан қыз өзі екенін мәлімдеді.
«Кейін мен ваннаға тығылып, бірнеше минут отырдым. Ақнәр тынышталған соң, қайта шықтым. Біз екеуміз Дидармен бірге үйді қарап шықтық, бірақ Ақнәр көрінбеді. Сол сәтте полиция келіп, «пәтерден бір қыз құлап кетті» деп хабарлады. Мен бұған сенбедім. Ақнәрдың өз-өзіне қол жұмсайды деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген», - дейді студент.
Сол түні оларды полиция бөлімшеге алып кеткен, тергеу жүргізген. Рана жанындағы құрбысымен бірге алкоголь мен есірткіге тест тапсырып, оның нәтижесі теріс болды деп сендіргісі келді.
«Дидар заңгер шақырды, ал мен өз бетіммен жауап бердім. Мен Қазақстанда 7-сыныптан бері оқып келемін, тілді жақсы меңгергенмін. Ал Дидар – жақында ғана келген, тілі нашар, сондықтан заңгер қажет болды.
Мен ешқашан есірткі қолданбағанмын. Ол күні ішкеніміз рас, бірақ жағдайдың осылай өрбитініне ешбіріміз сенбеген едік. Полицияда бар жағдайды ашық айтып бердік. Тергеушілер де біздің алкоголь мен есірткі қолданбағанымызды растады. Ақнәр жақсы адам еді. Бірақ сол түні не болғанын біз түсіндіре алмаймыз. Ол әрекеттері өзіне тән емес еді. Бізге оның мінез-құлқы, сөздері түсініксіз көрінді. Мен бұл жағдайдың әділ зерттелгенін қалаймын. Ешкім кінәсіз жандарды айыптамаса екен», - деп сөзін аяқтады Рана.
Еске салсақ, КИМЭП университетінің студенті 22 жастағы Ақнәр Хамит былтыр шілде айында Алматыдағы Amir тұрғын үй кешенінің 7 қабатындағы пәтердің терезесінен құлап, көз жұмған. Марқұмның анасы Гүлістан Хамит қызын өлер алдында таныстары әбден азаптағанын айтады.
Оның айтуынша, медициналық сараптама Ақнәрдің ұрып-соғылып, тістелгенін, терісі жырылып, тырнағы мен шашының жұлынғанын растаған. Гүлістан Хамит әр түрлі жарақат алған қызының фотолары мен оны «қинап жатыр» деген видеосын да көрсеткен.
Ол Ақнәр терезеден өзі секіріп кетуі мүмкін деген болжаммен үзілді-кесілді келіспейді. Марқұмның анасы істің әділ тексеріліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп жақында Бас Прокуратураға үшінші рет келді. Жас қыздың өліміне байланысты резонанс туғаннан кейін Алматы полициясы іске қатысты видеоларды тексеруді бастады. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов қыздың қазасына байланысты қылмыстық істі жеке бақылауына алғанын мәлімдеп, тергеу амалдарын апта сайын тыңдап отыратынын айтты.