Сарбаз өлімі бойынша сот үкімі шықты – екі тарап та айыпталушыны ақтауды сұрады
Марқұмның жеңгесі Динара Тілесова да сот үкімімен келіспейтінін жеткізді
Алматыда әскери сотта Әлібек Қалбайдың өліміне кінәлі деп айыпталған атыраулық сарбазға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Halyq Uni-не сілтеме жасап.
Атыраулық сарбаз Айболат Аманжолов Қылмыстық кодекстің 440-бабы (Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзу) бойынша кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алайда 9 жылға бас бостандығынан айырылған сарбаз Айболат Аманжоловтың туыстары апелляциялық сотқа шағым түсіретінін жеткізді. Бұл туралы Аманжоловтың адвокаты Жанар Нусупбаева мәлімдеді.
«Үкім әділ шыққан жоқ. Міндетті түрде апелляциялық шағым түсіреміз. Үкімге жәбірленуші тарап та, сотталушы жақ та қарсы», - деді адвокат.
Адвокаттың айтуынша, жәбірленуші тарап та сотталушы Айболат Аманжоловты ақтауды сұрап отыр.
«Танысқанына 4 күн болған балалар бір-бірін өлтіруі мүмкін емес, оған мотив жоқ», - дейді Жанар Нусупбаева.
Марқұмның жеңгесі Динара Тілесова да сот үкіміне келіспейтінін жеткізді.
Еске салайық, маңғыстаулық Әлібек Қалбай 2022 жылдың 22 сәуірінде Жамбыл облысы Отар ауылында орналасқан әскери бөлімде қайтыс болды. Ол сапта тұрған кезде кенеттен есінен танып құлаған. Жас сарбаздың қазасына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.
Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сот отырысы Алматы гарнизоны әскери сотында 23 тамызда басталды. 2022 жылдың қарашасында істі сот прокуратураға қайтарды.
Оның өліміне қатысты күдікті деп танылған 18 жастағы атыраулық сарбаз Айболат Аманжолов та әскерге 13 сәуірде шақырылған және екі сарбаз да әскери ант қабылдап та үлгермеген.