«Өзіне қол сала ма деп қорқамын»: сарбаз өліміне күдіктелген жігіттің анасы араша сұрайды
Айнұр Төлемісова ұлының кінәсіз екенін айтып, желі арқылы ҚР Президентіне жүгінді
22 сәуірде Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы әскери бөлімде жұмбақ жағдайда қаза тапқан 18 жастағы сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаға назар аударғаннан кейін күдікті ретінде Атыраудан шақырылған Айболат Аманжолов ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 440-бабының 4-бөлігі («Әскери қызметшілер арасында адам өліміне әкеп соққан жарғылық қағидаларды бұзу») бойынша тергеліп жатыр.
Қазіргі уақытта Аманжолов қамауға алынған. Оның анасы мен туыстары өздеріне белгілі мән-жай бойынша жігіттің кінәсіз екенін айтып, әділ тергеуді талап етіп, әлеуметтік желі арқылы ҚР Президентіне араша түсуді сұрап жүгінді.
Екі сарбаз да 13 сәуірде әскер қатарына шақырылған, тіпті әскери ант қабылдап та үлгермеген.
Сәуірдің 22-сі күні таңертең сарбаз Әлібек Қалбай сапта тұрған кезде есінен танып құлаған. Ол Отар ауылындағы Гвардейский әскери қалашығының әскери госпиталіне жеткізілген. Сол жерде есін жимастан, көз жұмады. Кейін сот-медицина сарапшылары оның желке аймағында, оң жақ мықынында, оң жақ бүйрегі мен бауырында гематомаларды анықтаған.
Оқи отырыңыз: Гвардейск әскери қалашығында сарбаз қайтыс болды
Күдіктінің 42 жастағы анасы Айнұр Төлемісова әскери тергеу басқармасы нағыз кінәлілерді тапқан жоқ деп санайды. Айболат Айнұрдың тұңғышы екен. Оның артынан ерген алты бауыры бар. Айтуынша, Айболат Әлібекпен екеуі елдің батыс аймағынан болған соң дос болып, жақын араласқан.
Ол ұлының әскерге баруын қалағанын айтады. Бастапқы күндері ұялы телефонмен хабарласып тұрған.
- Алғашқы күндері жағдайы жақсы екенін айтып, ешкім тиіспейтінін, тамағы ұнағанын айтып жүрді. Қызым 22 сәуір күні Отарда ұлым қызмет ететін әскери бөлімде бір сарбаздың қайтыс болғанын айтты. Тағы бір сарбаздың анасымен бірге дереу облыстық қорғаныс департаментіне бардым. Содан кейін әскери бөлім бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары Серік Нұралинге хабарласып, балаларымыздың жағдайы жақсы екенін білдік. Алайда, үйіне оралған соң ұлынан телефон арқылы жайсыз хабарды естідім. Айболат бір сарбаздың өлімін өзінен көріп жатқанын, сондықтан әскери бөлімшеге тезірек кел деп жалынып, адвокат керек екенін айтып жылады, - дейді А.Төлемісова.
Оқи отырыңыз: Әскерде көз жұмған сарбаздың денесі ауылына жеткізілді
23 сәуірде әскери бөлімге жеткен ата-ананы екі сағат бойы кіргізбей тұрған.
- Күн суық болды. Отбасымызбен тоңып күтіп тұрдық. Екі сағаттан соң баламызды бірнеше әскери форма киген адам әкеліп, кездестірді. Оның айтуынша, ұлым мен марқұм ақтаулық бала дос болған. Ғимараттан шыққан кезде балам қолын оның иығына салып келе жатқан. Екеуі бір-бірінен ант қабылдауға кім келетінін сұраған. Бар болғаны осы. Петропавлдық басқа сарбаз марқұм Әлібектің ұлыммен төбелескенін көргенін айтқан. Бірақ басқа 40-тан астам сарбаз ешқандай да төбелес болмағанын айтып отыр. «Олар төбелес болса, ажыратар едік қой» дейді. Тіпті сержанттары да төбелес болмағанын айтты. Президент тапсырма бергеннен кейін, әскери тергеушілер кінәліні тезірек тапқысы келген деп есептеймін.
Менің ақпаратым бойынша, тергеуші басқа сарбаздарға, егер де Әлібекті Айболат соққанын айтсаңдар, бір жыл бойына тергеу басқармасы өз қамқорлығына алатынын, форма кимей, демалып жүруге жағдай жасайтынын айтып, уәде берген. Алайда сарбаздар келіспеген. Әлібек сапта тұрған кезде құлаған. Балам жылап, оның қолынан ұстап отырса, қалғандары алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Кейін олар құлаған сарбазды медициналық бөлімге апарған. Тергеуге ең соңғы петропавлдық сарбаз кіріп, оны басқаларынан ұзақ ұстаған. Ол ұлымның Әлібекті ұрғанын айтып отыр. Оны бұлай куәлік етуге қалай көндіргенін білмейміз. Айболат өзі кішкентай денелі, соққысы да әлсіз, оның біреуді ұруы мүмкін емес, - дейді Төлемісова.
Оқи отырыңыз: 18 жасар сарбаз Әлібек Қалбайдың өлімі бойынша күдікті ұсталды
Айболаттың анасы әскери бөлімнің алдында тұрған кезде, бір әскери киімдегі ер адам келіп, баласының жазықсыз екенін айтқан. Содан соң сержанттардың бірінің Әлібекті күн сайын келеке қылатынын, ол қайтыс болатын түні оны бір жаққа алып кеткенін көріпті. Мұны айтқан жігіт осы сержанттың фамилиясын жаттап алыңыз деді де тез кетіп қалды. Ол менде жазылған.
Оқи отырыңыз: «Противогаз кигізіп, тұншықтырады»: әскердегі әлімжеттік қашан тоқтайды?
Енді Төлемісова ұлы әділетсіздікке төзе алмай, өз-өзіне қол жұмсай ма деп қорқады.