Түркістан облысында мектеп оқушысы өзінен бір жас кіші баланы зорлаған

Бүгінде ұл баланың зорлануына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Түркістан облысында мектеп оқушысы өзінен бір жас кіші баланы зорлаған
Фото: ru.freepik.com

Түркістан облысына қарасты Төле би ауданында 5-сынып оқушысын 6-сынып оқушысының зорлануына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жаға ұстатар сұмдық оқиға туралы ең алдымен «НеМолчи» қорының белсенділері хабарлады.

Белгілі болғандай, қордың сенім телефонына жүгінген әйел өзінің 5-сыныпта оқитын ұлына 6-сынып оқушысының жыныстық зорлық әрекеттерін жасағанын мәлімдеген.  

«Жәбірленушінің анасы оқиға болған мектепте жұмыс істеген. Алайда мектеп басшылығы оның үйіне келіп, іс қозғамауды өтінеді. Ұжымының өзін қолдамағанына жаны ауырған әйел ауылдан көшіп кеткен. Полицейлер іс қозғады, қазіргі кезде сараптамалардың қорытындысын күтіп отыр, бірақ зорлады делінген оқушының туысы дәрігер болып жұмыс істейтіндіктен, ауыл тұрғындары іс бұрмаланып кете ме деп қорқады», - деп жазды Дина Таңсәрі желідегі парақшасында.

Ол сондай-ақ мектеп директорының бұған дейін жұмыстан босатылғанын, алайда медиациядан кейін қайтадан орнына отырғанын айтады.

«Енді бұл мектепте тағы жаға ұстатар жағдай болып отыр, бұл жолы да олар аса ауыр қылмысты жасыруға тырысып жатыр» - дейді Д. Таңсәрі.

Аталған оқиғаға қатысты Түркістан облысының Полиция департаменті пікір білдіріп, қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу жұмысы жүріп жатқанын мәлімдеді.

«29 наурызда Төле би аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, ұлына кәмелетке толмаған тұлғаның сексуалдық зорлық-зомбылық көрсеткені туралы айтқан. Оқиға ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 3-1-бөлігі «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша тіркелді.

Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы барлық қажетті шараларды жүргізді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бірқатар тиісті сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады. Іс тергеу Түркістан облысы ІІД басшылығының жеке бақылауына алынды», - делінген ПД хабарламасында.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.