$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.01.2020, 21:12
Оқиғалар

Ұшақ апатынан жарақат алған екінші ұшқыш көз жұмды – әкімдік

Ұшқыш 21 қаңтар күні ауруханадан шыққан болатын

Ұшақ апатынан жарақат алған екінші ұшқыш көз жұмды – әкімдік

«Bek Air»әуе компаниясына қарасты ұшақ апатынан ауыр жарақат алып, емделіп шыққан екінші ұшқыш та көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Алматы қалалық әкімдігінің ақпаратына сілтеме жасап.

Қалалық әкімдіктің айтуынша, ұшқыш Мейіржан Ғайноллаұлы шамамен екі сағат бұрын көз жұмған. Ал Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, 55 жастағы ұшқыш ауруханадан бір апта бұрын шығып кеткен.

«Екінші ұшқыш 21 қаңтар күні ауруханадан үйіне шықты. Оның жағдайы жақсарып, сауығып келе жатқан еді. Ол клиникадағы кардиолог, хирург, терапевт, психолог мамандардың бақылауында болды. Бүгін сағат 18.00-де жедел медициналық қызметке ұшқыштың денсаулығының күрт нашарлауы туралы  қоңырау түсті. Жедел жәрдем дер кезінде жетіп,  жүректің жұмысын қалпына келтіру үшін барлық реанимациялық шараларды қабылдады. Алайда көмек сәтсіз болды», - деді  Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Набира Эсенова.

Айта кетсек, екінші ұшқыш Мейіржан Молдақұлов ұшақ апатынан соң №4 қалалық ауруханада жиырма екі күн жатып емделген болатын. Дәрігерлер 55 жастағы ұшқыштың бел омыртқасына ауыр операция жасаған. Бір апта жансақтау бөлімінде жатқан ұшқыш 5 қаңтар күні есін жинаған еді.

Еске сала кетейік, Bek Air әуе компаниясына тиесілі ұшақ 27 қаңтар күні Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан сәтте апатқа ұшыраған болатын. Алматы әуежайының маңына құлаған әуе кемесінің бортында 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған. Апат салдарынан 12 адам қаза болған еді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары