Қытайдан 21 қазақстандық эвакуацияланды
Олар Панфилов ауданындағы өткізу пункті арқылы шекарадан өткен
Қазақстанның 21 азаматы Қытай Халық Республикасынан эвакуацияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстандық 20 азамат Қытайдың Гуанчжоу және Құлжа қалаларында болған. Олардың бәрі Панфилов ауданында орналасқан «Нұр жолы» өткізу пункті арқылы шекарадан өткен.
Тепловизордан өткізу барысында екі азаматтың дене қызуы жоғары (37,5) болғаны анықталды.
Ол азаматтар шұғыл түрде Панфилов аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміндегі бокс-палатаға оқшауландырылды. Дәрігерлер олардан қажетті талдаулар алып, зерттеуге жөнелтті.
Сонымен қатар, автобус ішінде болған 19 адам да обсервациялық госпитальге орналастырылды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанға Қытайдан келген 23 адамның қызуы көтеріліп жатқаны туралы айтқан болатын. Ал еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Қытайдан келген тағы 6 адамның қызуы көтеріліп, ауруханаға жеткізілгенін мәлімдеген еді.
Айта кетсек, қазіргі таңда Қытайда короновирустан көз жұмған адамдардың саны 106-ға жеткен. Инфекцияны 30 провинцияда 4515 адам жұқтырған. Әлемнің 15 елінде 80 науқас тіркелген.