Ерейментауда жолда қалған 114 көлік Нұр-Сұлтанға бет алды
Құрамында 98 жүк және 16 жеңіл автокөлік бар тізбекті полицейлер мен құтқарушылар алып жүруде
Павлодар облысының аумағында Шідерті – Ерейментау – Нұр-Сұлтан автожолында тұрып қалған 114 автокөлік қар құрсауынан шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Құрамында 98 жүк және 16 жеңіл автомобиль бар тізбекті полицейлер мен құтқарушылар, сондай-ақ қар жинайтын техника алып жүруде.
Сағат 14.30-да көліктер тізбегі Ерейментау ауданының Новомарковка ауылына жетті. Елдімекен аумағында блок-бекет ұйымдастырылған. Нұр-Сұлтан бағытындағы жол учаскесін тазартқаннан кейін жүргізушілер жолды жалғастыратын болады.
Қазіргі уақытта 102 көліктегі 140 адам жол бойындағы дәмханаға орналастырылды.
Тағы 12 көлік Торғай ауылының ауданында тоқтады, 28 адам осы көліктерден жылыту пункті ашылған Ерейментау орта мектебіне эвакуацияланды.
Эвакуациялық-құтқару іс-шаралары барлық жабық және қар басқан автожолдарда жүріп жатыр. Полицейлер мен құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Олардың міндеті –жүргізушілер мен олардың жолаушыларын жолдың оқшауланған учаскелерінен босату ғана емес, сондай-ақ төтенше жағдайларда жол жүру кезінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Бұл ретте бірқатар БАҚ-та жазылған үлкен жүк көліктерінің жүргізушілері туралы ақпарат ескірген екенін атап өткен жөн, өйткені жаңалық жарияланған сәтте автоколлона жолда болған.