Тойдан шыққан әншіні тонаған қарақшы бұған дейін де қылмыс жасап келген
Дәстүрлі әнші Уатхан Заханқызы өзін өлтірем деп қорқытқан күдіктімен кездесіп шыққанын хабарлады
Әншіні тонаған күдіктінің бұған дейін де қылмыс жасағаны анықталды. Тек қыз-келіншектерді тонап келген күдікті қазір Алмалы аудандық полиция басқармасының тергеу изоляторында қамауда отыр.
39 жастағы қарақшы қыз-келіншектердің қалтасына түсіп келген. Тойдан шыққан әншіге шабуыл жасап, жәбір көрсеткен оқиға жайлы бұған дейін де хабарлаған едік. Алматы қалалық Полиция департаментінің айтуынша, күдікті желтоқсан айында тағы бір қызға шабуыл жасап, қаражатын қалтасына басқан. Күдікті 2019 жылдың 20 желтоқсанында Жамбыл мен Желтоқсан көшелерінің қиылысында жас қызға күш қолданып, 236 мың теңгесін ұрлап кеткен. Арада екі апта өткен соң қайта әдетіне басып, 11 қаңтардың түнінде әншіге пышақ кезеп, тойдан тапқан ақшасын сыпырып алған.
«Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті дереу іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 15 қаңтар күні қолға түсті. М. есімді 1981 жылы туған азамат болып шықты», - делінген Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Өзін қорқытып, қылқындырып, тіпті пышақ кезеген қарақшымен кездесіп шыққан әнші (жәбірленуші - авт.) қолды болған заттарын қайтарып ала алмағанын айтты.
«Беттестік. Мені тонаған адамды таныдым. Ақшамды қайтармады, жұмсап қойған. Мысық сияқты момақан болып қалған. Үйлі-баранды екен. Шешесі мен әйелі шырылдап, кешір деп жүгіріп жүр. Кетіп қалдым», - дейді әнші Уатхан Заханқызы.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы