$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.01.2020, 21:26
Оқиғалар

Ақтөбеде шетелден көлік әкелген жүргізушілер шу көтерді

Армения мен Қырғыз елінен көлік әкелгендер кедендік салық төлей алмай жатқандарын жеткізді

Ақтөбеде шетелден көлік әкелген жүргізушілер шу көтерді

Ақтөбеде Армения мен Қырғыз елінен көлік әкелгендер шу көтерді. Олар өз көліктеріне тыйым салынғалы маза қашқанын айтады. Жиналған топ көліктерін рәсімдеу үшін кедендік салықтарын төлей алмай жатқандарын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» арнасына сілтеме жасап.

Межелі жерге наразы топпен бірге құқық қорғаушылар да жеткен. Олар сол маңды торауылдап шетелдік көліктерді ұстап, тексеру жүргізді. Соған қарамастан жиналған халықтың қарасы қалың. Барлығы көлік арзан тұратын Армения мен Қырғыз елінен темір тұлпар сатып әкелгендер. Олар жаңа заңға сәйкес астындағы көліктерінің заңсыз болып шыққанына наразы.

«Машина арзан болған соң біз автокөлікті Армения асып, 3 мың км жүріп барып алып келдік. Сол кезде бізге ешкім ескерткен жоқ. «Осындай кедергі болады» деп шекарадан өткенде қағаз берген жоқ. Келген соң еркін айдап жүрдік. Енді бір күнде жағдай осындай болып кетті», – дейді жүргізуші Еркебұлан ЖАНҚАЛАШОВ.

«Арменияға бары, 4 миллион теңгеден астам бағаға машина әкелдім. Енді есептесем, оның үстіне 3 миллион теңге ақша қосып төлеуім керек. Қазір ондай жағдай жоқ. Мен де қарызданып, кредит алып, көне машинамды сатып әкелдім», – дейді тағы бір жүргізуші Саламат ДАНАБЕКОВ.

Жиналғандар өз көліктерін уақытша есепке алуды, не болмаса көліктерін есепке қою үшін кедендік баж салығына жеңілдік жасалуын сұрады. 

«Олардың айтатыны – шетелден келген көліктерді камералар анықтай алмайды-мыс. Сондықтан жол ережесін бұзған көліктерге айыппұл сала алмайды екен. Олай болса біздің көліктерді уақытша есепке алсын. Қазір елімізде екі жүзге жуық көлік шетелден кірген. Яғни, екі жүз отбасы қиын жағдайда қалды деген сөз», – дейді жүргізуші Мақсат БАЛҒАЗИН. 

Ашуға булыққандарды полиция өкілдері сабырға шақырды. Олар заң қабылданды, демек оған бағыну қажет екенін ескертті. Оған қоса, тығырықтан шығар екі жолды көрсетті. Көліктерін кедендік рәсімдеуден өткізу керек немесе сол елге апарып қайта сату қажет деді.

«Қазіргі кезде ІІМ өз үндеуін дайындап жатыр. Содан соң өз шешімін халыққа жеткізеді. Одан кейінгі шешім әрі қарай белгілі болады», – деді Ақтөбе облыстық ПД процессинг орталығының басшысы Ерлан АЛТЫНБАЕВ.

Ақтөбеде бүгінгі таңда 16 мыңнан астам шетелдік көлік бар. Олардың дені Ресей Федерациясы, қалғаны Армения мен Қырғыз елдерінен әкелінген. Ал республика бойынша «заңсыз» жүрген мұндай көлік саны 200-ге жуықтайды.

Серіктес жаңалықтары