Алматыда соққыға жығылған қыздың өзі де жеңіл жүріспен ақша тапқан
Алайда, бойжеткенді жабыла ұрғандар жазадан құтыла алмайды
Зорлық-зомбылықтың құрбаны болдым деп шағымданған бойжеткенге қатысты бүгін Алматы полициясы жаңа дерек айтты. Оңбай таяқ жеген қыздың өзі жеңіл жүріспен табыс тапқанын тергеушілерге жайып салған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Жәбірленушінің өзі де жезөкшелікпен айналысқан көрінеді. Десе де, анықталған жайт жабыла ұрғандарды жазадан құтқармайды дейді тәртіп сақшылары.
«Қазір Қылмыстық кодекстің 126-бабы 2-тармағының 1-бөлімі бойынша «Алдын ала сөз байласып, адам ұрлау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы дерекке қатысты 4 адам күдікке ілінді. Оның екеуі,Аида мен Камила есімді қыздар, уақытша тергеу изоляторына қамалды. Жәбірленуші өзін құлдықта ұстады деген үй жезөкшелердің ордасы болды деген ақпарат расталған жоқ. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда», – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Жанболат Зиадин.
Полицияның мәліметінше, жеңілжүрісті қыздар арасындағы жанжал ақшадан туындапты. «Жәбір көрдім» деп шағымданған 25 жастағы бойжеткен күдіктілерге ақша қарыз болып, қайтармай жүрген көрінеді. Кейін ашуға булыққан әлгі Аида мен Камила жәбірленушіні бір жігіт арқылы пәтеріне шақыртып, оны тепкінің астына алып, үйіне қамап қойған.
Жәбірленуші өзін «күшпен ұстады» деп көрсеткен үйдің иесі бір ай бұрын да атілшілер көмегіне жүгінген еді. Ол кезде Айгүл Оралбаева баласына іздеу салған болатын. Ол ұлының Зағиптар мен көзі нашар көретін балаларға арналған интернат қызметкерлерінен қысым көріп, қашып кеткенін де айтқан. 15 жасар жасөспірім он күннен кейін табылды.
Ал қызды құтқару операциясында полицейлерге тап берген үй иесі бұл істе тек куәгер ретінде көрсетілген.