Қарақшы тойдан шыққан әншіге көлігінде бас салған. Уатхан Заханқызы «ажалдан» қалай құтылғанын айтып берді
Қаскөй қызды сайға апарып зорламақ болған
Уатхан Заханқызы Azattyq Rýhy тілшісіне өзін бес сағат әуре-сарсаңға салған қарақшыдан қалай құтылғанын айтып берді. Оқиға өткен жексенбі күні Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының алдында болған. Тапсырыспен өнер көрсеткен әншіге той иесі 70 мың теңге беріпті. Дәстүрлі әнші мейрамханадан шығып, көлігін қыздырып жатқан кезде қарақшы салонға кіріп келген. Уатхан мойнына пышақ тақаған адамның әрекетін әріптестерінің қалжыңы екен деп қалған.
«Түнгі сағат 11 кезінде мейрамханадан шықтым. Артқы есіктен бетперде киген еркек зып беріп кіріп қылқындыра жөнелді. Аузымды басып, мойныма пышақ тақағанда денем суып кетті. Қарақшы «мен айтқан бағытқа жүр» деді. Қазақ екен. Мойнымда пышақ. Келе жатырмыз. Алматының елеусіз көшелеріне кіріп көздерден таса болдық! Бір сайда тұрмыз. «Ал енді қанша ақшаң бар шығар» - деді. Сумканы өзі алып, көк тиын қалдырмай қалтасына басты. Карточкаларымды да тексеріп үлгерді. Бір кезде қыл арқан мойныма байланып, дем жетпей жатқанын сезіндім», - деді әнші.
Алайда, қылымыскер аяқ астынан ойынан айнып, әншіні өлтірмеймін деп шешкен. Бірақ, көлікте зорламақ болыпты. Он жылдам астам өнер саласында жүрген әнші кинодан көретін қорқынышты оқиғаның өз басынан өткеніне сенбей, ағыл-тегіл жылаған.
«Қылқынып жөтеліп жаттым. Әлгі құбыжық маған тиіспекші болды. Жалындым. Жібермеді. Болмаған соң «аяғым ауыр еді» деп қулыққа да бардым. Сол кезде ғана ол арам ойынан айныды. Бірақ тұрмыс тұрмағам. Балам да жоқ. Құтылу үшін түрлі әдістерге бардым. Қойшы, не керек оның қалған бағытында көшелерді кездік. Бір қолым байлаулы болсада машина жүргіздім. Аттай 5 сағат! Ол сырасын сіміріп отырды. Әбден жалындым! Соңында мені жіберетін болып шешті», - деді әнші.
Зардап шегушінің айтуынша, қарақшы өзін аңдып отырған. Көлігі де әншінің машинасымен қатар тұрған. Болған оқиғаны сол маңдағы полицияға хабарлағанда, сақшылар «Бейне бақылау камераларына түспеген, қолында қолғап, беті жабық болғандықтан ештеңе істей алмаймыз» деп қол қусырған.
«Үйге жеткен соң, қайтадан 102 нөміріне қоңырау шалдым. Сол кезде ғана полиция жедел іске кірісті. Арада екі күн өткен соң, мені тонған «А» есімді 40 жас шамасындағы еркекті ұстады. Одан бұған дейін С деген бойжеткен зардап шеккен екен. Алмалы аудандық полиция бөлімінің басшылары мен қызметкерлеріне ерекше алғыс айтқым келеді. Олар бірнеше күн тоқтаусыз із кесіп, кәсіпқой мамандардың арқасында қарақшыны ұстады. Қазір маған шабуыл жасаған қаскөймен беттесуге кіріп бара жатырмын», - деп сөзін түйіндеді Уатхан Захан.
Әншіге қарақшылық шабуыл жасалғанын Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Евгений Лысенко растады. Толық ақпарат кейін хабарланады.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы