ШұғылЕлімізде өткен тәулікте 142 адамнан коронавирус анықталды

Tokyo-2020: ұлттық құраманың киім үлгісін франциядағы қазақ жасайды (ЭКСКЛЮЗИВ)

Олимпиада ойындарына ұлттық құраманың формасын тігетін екі компания анықталды

Қаңтар айының басында ұлттық құраманың парадты формасы мен жарыстарға киетін киім үлгісінің дизайнына жарияланған конкурс аяқталды. Бірден айта кетейік, олимпиадалық форманың өзін жазда, яғни Ұлттық олимпиада комитетінің ресми таныстырылымында ғана көре аламыз. Әзірге бұл компаниялар киім дизайнының концепциясын ғана дайындайды.  Аzattyq-ruhy тілшісі ҰОК комиссиясының таңдауы түскен компаниялар туралы ақпарат жинайды.

Францияға көшкен қазақ жігіті шерудің сәнін келтірмек

Tokyo-2020 Олимпиадасында Қазақстан құрамасының парадты формасының дизайнын жасап, оны тігетін жеңімпаз компания «Marino Madi» жауапкершілігі шектеулі қоғамдастығы деп аталады.

«Marino Madi» – Францияның көк жағалауында, Ницца қаласында тұратын қазақ жігіті Мади Сыпатаевтың брэнді. Ол люкс санаттағы спорт киімдерін тігіп, Еуропа, Ресей және Қазақстан нарығына сатады. Бас кеңсесі – Францияда Ницца қаласының маңындағы теңіз шығанағында орналасқан.

«Брэнд 2015 жылдан бері ерлер мен әйелдер, сондай-ақ, балаларға арналған премиум класты спорт киімдерін тігеді. Киімдердің барлығы дерлік теңіз стилінде. Осы маркада Қазақстан нарығына арналған киімдер де тігіледі. Алғ енді марка Токио-2020 Олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының парадты формасына арналған ең үздік эскиз жеңімпазы болды», - дейді Аzattyq ruhy тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Мади Сыпатаев.

«Шетелде тұрсақ та, отандық компаниямыз»

Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті конкурсты отандық компаниялар жеңіп алғанын хабарлаған болатын. Marino Madi брэнді Францияда пайда болып, жұмысын Еуропа нарығында дамытып жатса да, Мади Сыпатаев «конкурсқа екінші, жергілікті компания атынан қатыстық» дейді.

«Шын мәнінде біздің екі кәсіпорнымыз бар, бірі – Францияда, екіншісі – Қазақстанда. Конкурсқа жергілікті компания атынан қатыстық, Қазақстанда ресми тіркелгенбіз. Конкурста Алматы облысындағы «Текстилайн» фабрикасымен тандем жасадық. Құрамаға арналған киімді  аутсорсинг арқылы осы фабрикада тігіп шығару жоспарланып отыр», - дейді Мади Сыпатаев.

Фото: Мади Сыпатаев

Ашық дереккөздерге сенсек, Мади Сыпатаевтың Қазақстандағы компаниясы бюджетке 2014 жылдан бері тұрақты салық төлеп келеді. Бірақ, жылдық салығы кейде бір-екі миллионнан аса, кейде 100 000 теңгеге жетпей қалады.

«Біз бұндай конкурсқа алғаш рет қатысып тұрмыз. Бұған ұқсас бір конкурсты жеңгеніміз бар,  Nazarbayev University стундеттеріне арналған жылы жемпір мен поло-футболкаларын тіккен едік», - дейді Мади Сыпатаев.  

«Чемпиондарды киіндіріп келеміз...»

Marino Madi-дан қарағанда, конкурсты жеңген екінші компанияның спорттық жарыстардағы тарихы «өте бай» болып шықты. Конкурсқа «Zibroo Active Sportswear» брендімен қатысқан «КазСПО -N» бас директоры Елена Свечникова Аzattyq ruhy тілшісімен сөйлескенде, «чемпиондарды киіндіріп келеміз» деп, брэндін мақтан тұтты. Оның ұсынған мәліметіне сүйенсек, компания талай ойынды артта қалдырыпты.

2011 жыл -   VII Қысқы Азия ойындарының ресми жеткізушісі;

2014 жыл -  Сочи-2014 қысқы олимпиада ойындары мен параолимиада ойындарындағы ұлттық құраманы жабдықтайтын ресми өндіруші;

2015 жыл –  “Универсиада-2017” жарысының ресми лицензиаты;

2016 жыл – Рио-де-Жанейро-2016 жазғы олимпиада ойындарына киім жеткізетін ресми компания;

2017 жыл – Душанбеде өткен V Азия ойындарына киім жеткізетін ресми компания:

2017 жыл – Жапонияда өткен VII қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы үшін киім жеткізетін ресми компания;

2019 жыл – Ресейде өткен универсиадаға киім жеткізген компания.

Енді, биыл Tokyo-2020 Олимпиадасынан басқа, «КазСПО -N» Zibroo Active Sportswear компаниясы Лозаннада өтіп жатқан үшінші қысқы жасөспірімдер олимпиадасына киім тігетін ресми компания атанған.

Чемпионға «бай» компания былтыр салыққа «кедей» болып шықты

Компанияның бюджетке төлеген салық тарихына қарасақ, тапсырыстардың бағасы да миллиардтардан асқаны байқалады. Бірақ, 2016-2018 жыл аралығында компания 400 млн теңгеге жуық салық төлегенімен, былтырғы салық есебін «0» теңгемен тапсырған. 

Екі компания да қазір Ұлттық Олимпиада комитетінің конкурстық комиссиясы дизайнның тұжырымдамасын қашан бекітеді деп алаңдап отыр.

Ал, Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің ресми сайтында хабарланғандай, Парадтық және спорттық киім үлгісін Қазақстанның Олимпиадалық құрама командасының өкілдерінен тұратын арнайы комиссия бекітеді.

«Таңдалған жұмыстар Халықаралық олимпиада комитетінің барлық талап-нұсқаларына сәйкестендіріп, әлі де жетілдіріледі. Ал соңғы нұсқаны 2020 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың өздері таңдайды», - жеп хабарланған Ұлттық олимпиада комитетінің ресми сайтында.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан