$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.01.2020, 17:57
Оқиғалар

Ұшақ апаты: Иранның элиталық әскери қызметі жауапкершілікті өз мойнына алды

Ислам революциясы сақшыларының корпусы  биліктің кез келген бұйрығын орындауға дайын екенін мәлімдеді 

Ұшақ апаты: Иранның элиталық әскери қызметі жауапкершілікті өз мойнына алды
© EPA-EFE/ABEDIN TAHERKENAREH

Ислам революциясы сақшыларының корпусы (ИРСК, Иран Қорғаныс күшінің элиталық бөлімшесі) Тегеран түбіндегі украиналық ұшақ апаты үшін жауап беруге әзір екенін мойындады. Бұл туралы сенбі күні ИРСК Әуе-ғарыштық күштерінің қолбасшысы, генерал Әмір Әли Хаджизаде мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.  

«Біз бар жауапкершілікті мойнымызға ала отырып, ел билігі қабылдайтын кез келген бұйрықты орындауға әзірміз», – деді ол. 

Хаджизаде «украиналық ұшақтың опат болғанын естігенде, қайғылы оқиғаның куәсі болмау үшін өліп кеткісі келгенін» де айтты. 

Оның айтуынша, «елдің әуе-қорғаныс күштерінің жүйесі оқиға болған түні барынша дайын күйде болған». 

Иран ҚК Бас штабы украиналық ұшақ апатының себебін жасыруға талпынған жоқ, дегенмен тергеу жұмыстарын жүргізіп көрмек болды деп атап өтті генерал.

«Апат себебін жасырып қалуға тырысқандықтан емес, Бас штабтың тергеу жүргізуін күтуге тура келгендіктен осылай кеш мәлімет бердік», – деген генерал ISNA агенттігіне берген мәліметінде.

Әмір Әли Хаджизаде «жүйе ұшақты қанатты зымыран деп танығанын» атап өтті. ИРСК ӘҒК қолбасшысы шешім қабылдау үшін оператордың 10 секунд уақыты болғанын да айтты.  

Еске салсақ, «Украина халықаралық әуежолы» компаниясының Boeing 737-800 ұшағы 8 қаңтар күні таңғы уақытта Тегераннан Киевке ұшып шыққан сәтте апатқа ұшыраған еді. Әуе кемесінің бортында болған 180 адам түгелдей қаза тапқан.

Ал 11 қаңтар күні таңертең Иран билігі украиналық ұшақты қателесіп атып түсіргенін мәлімдеген болатын.

Серіктес жаңалықтары