$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.12.2019, 13:19
Оқиғалар

Түркістанда мектеп дәретханасын «дұрыс күзетпеген» мұғалімді полиция жазалаған (видео)

№15 мектеп-гимназияның оқушыларға арналған әжетханасы далада орналасқандықтан, онда мұғалімдер арнайы кесте бойынша кезекшілік етуге міндеттелген екен

Түркістанда мектеп дәретханасын «дұрыс күзетпеген» мұғалімді полиция жазалаған (видео)
Фото: ашық дереккөзден

13 желтоқсан күні Түркістан қаласының М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясында жергілікті полицей мен мұғалім арасында кикілжің туып, нәтижесінде полиция мұғалімді көпшіліктің көзінше арнайы нарядпен алып кеткен. Аталған оқиға әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызып, өңірдегі жауапты мекемелерді аяғынан тік тұрғызды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqtimes.com сайтына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде мектеп директорының міндетін атқарушы К.Әбдіқадырованың қалалық білім бөлімінің басшысы А.Батырбековаға жазған «жағдай барысы туралы мәліметі» тарады. Ашық дереккөздерге сүйенсек, білім ордасының оқушыларға арналған әжетханасы далада орналасқан. Онда мұғалімдерге арнайы кесте бойынша кезекшілік ету міндеттелген екен.

13 желтоқсан күні күндізгі сағат 10:25-тер шамасында Түркістан қаласының ПД Ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Данияр Мейірхан бастаған бір топ полицей мектеп ауласында орналасқан әжетхананың кезекшілігін тексеруге келген. Сол кезде 30 жылдан астам еңбек өтілі бар, жоғары санатты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бахыт Каукенов Манасұлы үзілісте кезекшілікте болып, аяғынан су өткен соң ішке кірген көрінеді. Әжетхана маңында кезекшілікте тұрмауының себебін сұраған подполковник Данияр Мейірханға ұстаз аяқ киімін ауыстыруға кіргенін айтқан. Бірақ полиция өкілінің «әдептілікке жат» дөрекі сұрақтарына мұғалім де тиісінше жауап берген деседі. Ақыр аяғында полиция қызметкерлері Бахыт Манасұлының жеке куәлігін тартып алып, әріптестері мен оқушылардың көзінше қолын қайырып алып кеткен. Интернетте мектеп ұжымының ара түсуіне қарамастан, күштеп алып кетіп бара жатқан оқиғаның бейнежазбалары тарады.

Мектеп директорының әкімдікке жолдаған мәліметіне қарағанда, «кикілжің көше бойында да жалғасқан, оған жол бойындағы мектеп оқушылары мен өзге ұстаздар куә болған». Сондай-ақ «әжетхана қасынан уақытша кеткен» ұстаз Ішкі істер бөліміне жеткізілген соң хаттама толтырылып, оған 12 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Айта кетерлігі, әкім-қаралар жиі бас сұғатын оқу мекемесінің әжетхана мәселесі әлі күнге дейін оң шешім таппай келеді. Аймақта балалар дәретханасы ғимарат ішінде орналасқан оқу орындары аз. Ал осы оқиғаға қатысты бүгін Түркістан облысының Білім басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев  «полиция қызметкерлерінің рұқсатсыз рейд жүргізгенін» және бұған басқарма «жариялы түрде кешірім сұрайтынын», жауаптыларға «тиісті шара қолданылатынын» жеткізді. Кешегі жағдайдан кейін тәжірибелі ұстаз Бахыт Манасұлының қан қысымы көтеріліп жедел жәрдем көмегіне жүгінген.

Р. Жолаев полиция қызметкерінің заңсыз әрекетіне байланысты мұғалімнің прокуратураға шағым түсіргенін хабарлаған. Бірақ беделіне нұқсан келген ұстаздың туыстары мен әріптестері облыстық білім басқарамасы бастығының сөзімен келіспейді. Олардың сөзінше, қан қысымы 200-ден асып, ауруханаға жатқызылған Бахыт Манасұлы ешқандай шағым жазбаған, оған мұршасы да жетпей отыр екен.

Еске салсақ, қарашаның ортасында Тараз мектептерінің біріндегі аулада орналасқан дәретханада 7 сынып оқушысына 38 жастағы ер адам зорлық көрсеткені қоғамда резонанс тудырған болатын. Сабақ кезінде сұранып шыққан қыз бала ұшыраған таргедиялық жағдайға қатысты президент Тоқаев мәлімдеме жасап, жауапты лаузымды қызметкерлер мен қала әкімі Қайрат Досаевты қызметінен босатқан еді.  

Серіктес жаңалықтары