Мектеп ауласындағы әжетханалар қолданысына тыйым салынады
Қазір елімізде 2 352 мектептің әжетханасы далада орналасқан, олардың басым бөлігі Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында екен
Білім және ғылым министрі даладағы әжетханаларға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.
Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Асхат Аймағамбетов білім беру мекемелеріндегі дәретханаларға қойылатын талаптарды қайта қарау қажеттігін айтты. Қазір елімізде 2 352 мектептің әжетханасы далада орналасқан. Олардың басым бөлігі Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында екен.
Естеріңізге салайық, өткен жұма күні Таразда оқушы қыз зорланған еді. Ол даладағы әжетханадан шыққанда 38 жастағы күдікті тап беріп, жәбір көрсеткен. Қаскөй екі сағаттан кейін қолға түсіп, қамауға алынды. Ол бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталған екен. Мемлекет басшысы осы жағдайдан кейін Тараз қаласының әкімін жұмыстан босатып, өңір басшысына ескерту жасады.
«Қайғылы оқиғаның қашан болатынын күтіп отырудың қажеті жоқ. Біз білім беру мекемелеріне қойылатын талаптарды қайта қарауымыз керек. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігіне санитарлық ережелер мен нормалар бойынша сауал жолдау қажет. Бұл ведомство даладағы әжетханаларға тыйым салуды тиісті құжаттарға бекітуі тиіс», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.