«Серпін»: гранттардың 50% игерілмеген, түлектердің 40% жұмыссыз
Грантпен оқуды бітірген жастар солтүстікте қалмай, оңтүстікке қайта көшіп кетеді
Халық саны көп оңтүстік өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы солтүстік облыстарға көшіруге бағытталған мемлекеттік «Серпін» бағдарламасы бойынша бөлінген гранттардың 50 пайыздан астамы игерілмеген. Ал, түлектердің 40 пайызы жұмысқа орналаспаған. Бұл жөнінде Солтүстік Қазақстан облысында ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен республикалық кеңесте айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі демографиялық ахуал алаңдатарлық жағдайда. Туу көрсеткіші өлім-жітімнен жоғары болғанымен, шетке көшіп кетушілер саны басым. Осы мәселені шешуге бағытталған «Серпін» бағдарламасы тиісті мақсатын орындай алмай отыр. 2014 жылдан бері аталған бағдарлама бойынша 28 мың жас білім алған. Алайда, олардың жартысына жуығы жұмысқа орналаспаған. Оның үстіне, соңғы жылдары солтүстік өңірлерге барып, тегін білім алғысы келетіндер саны күрт азайған.
«Биыл «Серпін» бағдарламасы арқылы жоғары оқу орындарына 5 109 білім гранты бөлінсе, 2 443-і ғана өз иесін тапты. Колледждерге бөлінген 750 орынның 522-не талапкерлер қабылданды. Үкімет қаулысы бойынша бағдарлама Қазақстанның 9 өңірінде жүзеге асырылуда. Колледждерге берілген квотаны Ақмола, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары толық игермеген. Түлектерді жұмыспен қамту 40 пайызды құрайды. Жоғары оқу орындары бұл жұмысты жалғастыруда. Көбі қолына диплом алған соң, білімін жалғастыру мақсатында өз өңірлеріне кетіп қалады», - дейді Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.
Бос қалған гранттар басқа жастар арасында бөлінген. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов түлектерге заң жүзінде әлеуметтік жауапкершілік жүктеуді ұсынды. Себебі мемлекеттік грантқа ие болған жастарға ешқандай міндет қойылмайды. Қолына диплом алған соң, туған өлкелеріне кетіп қалады.
«Солтүстік Қазақстан облысында 1 200 бос жұмыс орны бар. Бізге дәрігер, мұғалім, есепші, тракторшы сынды тағы басқа мамандар керек. Оларды қабылдауға дайынбыз. Елбасының тапсырмасына сай, жаңа үйлер салынып жатыр. Қызылжар өңіріне келіп, ауылда тұрамын деген азаматтарға баспана береміз. «Серпін» бағдарламасымен оқып жүрген студенттерге де осыны айттым», - дейді Құмар Ақсақалов.
Осыған қарамастан, жастардың Солтүстік Қазақстан облысында қалғысы жоқ. Жиында өңір халқының «қартайып» бара жатқандығы да айтылды. Қызылжарлықтардың 59 пайызы ғана жұмысқа жарамды. Тұрғындардың қалған бөлігін зейнеткерлер, балалар мен мүгедектер құрайды. Егер бұлай жалғаса берсе, 2022 жылға дейін еңбекке жарамды адамдардың саны 50 пайызға дейін кемуі әбден мүмкін.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО