Ғалымдар тез қартаюдың ешкім күтпеген себебін анықтады
Достарына өшпенділік танытатын және әкесімен тіл табыса алмайтын жасөспірімдердің биологиялық қартаюы 30 жасқа қарай жеделдейді
Жасөспірім кезеңдегі жағымыз әрекет биологиялық қартаюды жеделдетуі мүмкін. Виргиния университетінің ғалымдары осындай қорытындыға келді, зерттеу 17 жыл бойы жүргізіліп, оған 123 адам қатысты. Жұмыс Journal of Health Psychology (JHP) журналында жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Газета.Ru-ға сілтеме жасап.
Психологтар 1998 жылдан бастап жасөспірімдерді бақылай отырып, олардың достарымен және ата-анасымен қарым-қатынасын жүйелі түрде бағалап отырған. Денсаулықтың биомаркерлері — холестерин деңгейі, қан қысымы, глюкоза, қабыну және қан құрамы көрсеткіштері назарда болған.
«Бұл — сіздің қанша өмір сүретініңізді және денсаулығыңыздың қандай болатынын өте жақсы болжайтын көрсеткіш», — дейді зерттеу жетекшісі Джозеф Аллен.
Достарына өшпенділік танытатын және әкесімен тіл табыса алмай, үнемі жанжалдасып жүретін 13 жастағы жасөспірімдердің биологиялық қартаюы 30 жасқа қарай жеделдейтіні белгілі болды.
Алленнің айтуынша, жасөспірімдік кезеңнің соңында әкемен жиі жанжалдасып қалу және 20 жас шамасында достарына қатысты агрессивті мінез-құлық таныту физиологиялық көрсеткіштердің нашарлауымен тығыз байланысты болып шыққан.
Зерттеу авторлары бұл ерлер мен әйелдерге бірдей дәрежеде әсер ететінін атап өтті.