Алматыда әскери ұшақ апатынан зардап шеккен екі азаматтың қазіргі жағдайы айтылды
13 наурызда Алматы әуежайы маңында болған ұшақ апатынан 4 адам қаза тапты
Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Сағи Бейсенбеков 13 наурызда болған әскери ұшақ апатынан зардап шеккен Ұлттық қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің қазіргі жағдайы туралы айтты.
«Екі науқас та аурухананың жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Зардап шеккендердің бірінің жағдайы орташа ауыр, екінші науқастың (әскери қызметкер) жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Дәрігерлер пациенттердің бірін аутодермопластикаға (терісінің сау бөлігін терең жарақат орынға трансплантациялау) дайындап жатыр, бірінші кезең сәтті өтті», - дейді Сағи Бейсенбеков.
Еске сала кетейік, 13 наурызда Нұр-Сұлтан-Алматы бағытындағы АН-26 әскери ұшағы радардан жоғалып кетіп, Алматы әуежайы маңында апатқа ұшырады. Апат салдарынан 4 адам қаза тауып, екі адам №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.
Ұшақ апаты болған күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әуе апатының себептерін анықтауды тапсырды.