Алматыдағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың тізімі жарияланды
Апаттан зардап шеккен екі адам ауруханада жатыр
Алматыда ҰҚК Шекара қызметі ұшағының апатқа ұшырауынан қаза тапқандардың есімі мен фотосуреттері жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери борышын атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза болған ҚР ҰҚК Авиация қызметі әскери қызметшілері:
- авиация бөлімінің штурманы, 19.10.1984 жылы туған майор Ғабит Есімдеұлы Барлықбаев.
- авиация бөлімінің ұшу тобының борт технигі, 15.12.1985 жылы туған капитан Досжан Ғалымбекұлы Баймұратов.
авиация бөлімінің ұшу тобы экипажының штурманы, 24.11.1994 жылы туған аға лейтенант Мұхтар Қажымұқанұлы Сағымбаев.
авиация бөлімінің ұшу тобының аға борт механигі, 10.11.1985 жылы туған сержант Васильков Евгений Борисович.
ҰҚК осы адамдардың отбасына, туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты.
«АН-26 әскери-көлік ұшағының экипажы тәжірибелі әрі кәсіби дайындалған мамандар еді. Олар өмірінің соңына дейін әскери антқа адал болды. Сарбаздардың жарқын бейнесі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің жадында мәңгі сақталады. Біз ауыр және орны толмас қазаның қайғысын бірге бөлісеміз», - деп жазылған хабарламада.