ШұғылЕлімізде тағы 813 адамнан коронавирус анықталды

Елорданың сол жағалауын жарықсыз қалдырғандарға қатысты сот үкімі шықты

2019 жылдың 10 қарашасында «Левобережная» подстанциясында апат болды

Фото: ашық дереккөзден

Есіл ауданының №2 аудандық соты Нұр-Сұлтан қаласында өрт шыққан «Левобережная» қосалқы станциясына қатысты айыптау үкімін шығарды.

Жоба жетекшілері Б.А.Мұсабаев, Ж.К.Жұмағұлов пен мердігер ұйым басшылары М.Б.Еденбаев, Б.У.Сасбухаевтың құрылыс-монтаж жұмыстарында өрескел заңбұзушылықтарға жол бергені анықталды. Жоба құрылысы кезінде ауытқулар болған. Құрылыс кезінде жанғыш полиэтилен құбырлары қолданылған. Техникалық және авторлық қадағалауға жауапты В.Г.Морошан мен Х.А.Мұхамедалин жұмыстарды жасырын тексеру актісіне қол қойған.

2019 жылдың 10 қарашасында станциядан өрт шығып, салдарынан елорданың сол жағалауы жарықсыз қалды. Келтірілген шығын көлемі - 68 млн теңгеден асқан.

«Айыпталушылардың кінәсі сараптамалар қорытындысымен дәлелденді. Сот отырысы барысында прокурор өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзды деген айыптаудан бас тартты. Қалған айыптар бойынша кінәлілерді әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыпталушылар кінәсін мойындаған жоқ. Келтірілген шығынды өтемеді», - делінген Есіл аудандық сотының хабарламасында. 

Сот шешімімен Мұсабаев, Жұмағұлов, Еденбаев Сасбухаев сапасыз құрылыс үшін кінәлі деп табылып (Қылмыстық кодекстің 278-бабының 2-бөлігі), төртеуі де екі жылға бас бостандығынан айырылды.

Морошан мен Мұхамедалинге инженерлік қызметті дұрыс орындамағаны үшін (Қылмыстық кодекстің 280-бабының 1-бөлігі) екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, былтыр 10 қарашаға қараған түні «Левобережная» подстанциясында апат болып, 5 мемлекеттік нысан мен тұрғын үй кешені жарықсыз қалған еді.