Орал қаласында атыс ұйымдастырған 20 адам ұсталды
Күдіктілердің бірі әлі ұсталған жоқ
Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков 20 қазанда сағат 22:10-де Шолохов көшесіндегі VenОil жанармай құю станциясында атыс ұйымдастырғандарға қатысты жауап берді. Бұл туралы «Мой город» порталы хабарлады.
«Оқиға орнына жақын маңдағы полиция жасағы дереу жіберілді. Орал қаласы полиция басқармасының қызметкерлері оқиғаға қатысқан бір күдіктіден басқасын ұстады. Атысқа қатысқан 20 адам ұсталды. Оның біреуі оқ атқан. Қазіргі таңда оларды уақытша ұстау изоляторына орналастыру және күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралып жатыр», - дейді ресми өкіл.
Сондай-ақ, Болатбек Белгібеков бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын атап өтті.
Айта кетейік, 20 қазанда Орал қаласында атыс болып, 24 жастағы ер адам жарақат алды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.