$ 513.74  569.17  6.33
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.10.2020, 12:41
Оқиғалар

«Хан Шатыр» бассейнінде батып өлген оқушының әкесі сот шешімімен келіспейді

Сот шешіміне шағымданған ата-ана мектептің де жауапкершілікке тартылғанын қалайды

«Хан Шатыр» бассейнінде батып өлген оқушының әкесі сот шешімімен келіспейді
Фото: instagram.com/khanshatyr

Елордада сауда ойын-сауық орталығында бассейнге батып кеткен баланың ісіне қатысты жаңа ақпарат шықты. Өткен жылы орын алған қайғылы оқиғаға тек ойын-сауық орталығының әкімшілігі жауапты болып отыр. Сот мектеп қызметкерлерін жауапкершіліктен босатты. Бұл туралы «Астана» телеарнасына сілтеме жасап sputnik.kz хабарлайды.

Сот шешімімен келіспеген ата-ана педагогтардың заңды бұзғанын дәлелдейтін айғақтары бар екенін алға тартады.

Бірінші сынып оқушысының әкесі сол оқиғадан бері бір жылдан астам уақыт өтсе де әлі есін жия алмағанын айтады. Ер адам қызына сол жердегі мұғалімдер, еріктілер мен құтқарушылардың қарап жүрмегеніне сенімді. Ал оқушының өзі бассейнде сіңілісімен берге болған.

Сол оқиғадан кейін бірден екі қылмыстық іс қозғалды. Бірі – мектепке, ал екіншісі – сауда орталығының әкімшілігіне қатысты. Кейін екеуі біріктірілді. 10 айдан соң мектеп жауапкершіліктен босатылып отыр.

Сот педагогтарды «Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау салдарынан абайсызда жас баланың өліміне әкеп соққан іс-әрекет» (қылмыстық кодекстің 141-бап, 2-бөлігі) бабы бойынша кінәсіз деп таныды.

Соттың бұл шешімімен қыздың әкесі келіспей отыр. Оның айтуынша, қайғылы жағдай болмай тұрып білім басқармасында мектеп жанындағы лагерьлерге су қоймаларына баруға тыйым салынғаны айтылған бұйрық шыққан.

«Ол жерге балаларды апаруға құқы жоқ екенін біле тұра, бұйрықты ескермей, сол жерге апарған. Тиісті органдар осыған назар аударуы керек. Жоқ, барлығы мектептің кінәсі жоқ деп санайды», – дейді қайтыс болған қыздың әкесі Ермек Қабылов.

Бүгінде әділдік іздеген ата-ана Білім министрлігінің табалдырығын тоздырып келеді. Алайда ол нәтиже бермеді. Енді қайтыс болған қыздың әкесі сот шешіміне шағымданбақ. Осылайша, мектептің де жауапкершілікке тартылғанын қалайды. Қоғам белсенділері де мұғалімдер тарапынан ағаттық кеткеніне сенімді.

«Біз баланы мектепке жіберсек, оны қандай да бір адамға сеніп тапсырамыз. Ең алдымен,  мектеп басшылығына тапсырамыз. Ал бұл жерде барлығы жауапкершіліктен қашып отыр. Осыдан кейін баланы мектепке қалай жібереміз? Балабақшаға қалай береміз? Сеніп тапсырамыз ғой. Бұл мемлекеттік құрылым, жеке тұлға емес. Сондықтан осының басын ашып алу керек. Ақиқатын анықтау қажет», – дейді НеМолчи.kz қорының жетекшісі Дина Смаилова.

Ал қыз оқыған мектеп директоры жағдайға байланысты түсініктеме беруден бас тартты.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 2019 жылы 3 маусымда болған еді. «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында ұзындығы 25 метр бассейнде 200-ге тарта бала суға түсіп жатқан. Оқушылардың жанында мектеп тәлімгерлері, ата-аналар болған. Бассейн айналасында үш құтқарушы жұмыс істеген. Алайда тереңдігі бір жарым метр бассейнде 9 жастағы баланың суға батып бара жатқанын ешкім байқамаған.

Серіктес жаңалықтары