Тағы үш адам түн ішінде Каспий теңізіне ағып кете жаздады (ВИДЕО)
Абырой болғанда төтенше жағдайлар қызметі оларды құтқарып үлгерді
Бүгін түнде тағы үш адам Каспий теңізіне ағып кете жаздаған. Олар қайыққа мініп, теңізге шыққанда қатты жел ашық теңізге алып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, үш адам Каспийдің Түпқараған ауданындағы жағасында қайықпен теңізге шыққан. Қатты жел үрлемелі қайықпен қоса үш адамды теңізге алып кеткен.
Хабар түсе сала Төтенше жағдайлар министрлігінің шұғыл әрекет ететін тобы теңізге аттанған.
«Құтқарушылар жоғалған адамдарды тауып, жағалауға жеткізді. Медициналық көмек қажет болған жоқ. Жел күшейген кезде теңізге шығуға болмайды», - деп ескертеді ТЖМ құтқарушылары.
Естеріңізге сала кетейік, Каспий теңізінде оқу-жаттығу барысында ауа райы бұзылып, 17 сарбаз суға кеткен. Өкініштісі, олардың 14-і қаза тауып, 3-еуі ғана аман қалған. Оқиғаға байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу барысын ерекше бақылауына алды. Қорғаныс министрлігі көп ұзамай қаза тапқан сарбаздардың аты-жөнін жариялады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сарбаздардың өліміне қатысты 25 қыркүйек күні Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
25 қыркүйек күні тергеу жұмысына салғырт қарағаны үшін Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды тұлғасын кісендеп әкетті.
Екі күннен кейін Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты орнынан алып тастады. Дәл сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Айдос Сәкенұлы Мырзахметов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалды.
Ақордада ауқымды кеңес өтіп, президент Қазақстан әскерінің қаржысын аудиттен өткізіп, салаға ауқымды реформа жасау туралы тапсырма берді.
Кейін вице-президент Ерлан Қарин қаржылық аудиттің алғашқы есебі жеті күннен кейін, ал, ауқымды реформаның жоспары он күннен кейін жария болатынын мәлімдеді.