Ақтөбе тұрғыны 1 миллион теңгенің дәрілерін үйінде отырып сатқан
Ол енді заң алдында жауапқа тартылады

Елімізде дәрі-дәрмек бағасын негізсіз өсіру және оны заңсыз сату оқиғалары әлі тыйылмай тұр. Дәрі тапшылығынан пайда тапқысы келгендер Ақтөбе қаласында да анықталды, деп хабарлады облыстық Экономикалық тергеу департаменті.
Облыс орталығында жүргізілген рейдтік шаралар барысында мамандар жергілікті тұрғынды ұстады. Ол өз пәтерінде отырып-ақ дефицитке айналған антибиотиктерді сатумен айналысқан. Оның үйінен табылған дәрі-дәрмектің жалпы құны 1 миллион теңгеден асады.
«Күдіктіні тексеру барысында оның дәрі-дәрмекті сатуға ешқандай рұқсаты жоғы анықталды. Осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы 1-бөлімімен (заңсыз кәсіпкерлік) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - делінген аталған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін құқық қорғаушылар Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан, СҚО-да дәрі-дәрмекті заңсыз сатқан алыпсатарлардың жолын кескен болатын.