Түркістан облысында мас жүргізушісі 8 жастағы баланы қағып, оқиға орнынан қашып кеткен
Баланың басы жарылып, ауруханада жатыр

Түркістан облысының полицейлері велосипедтегі баланы қағып, оқиға орнынан қашып кеткен автокөлік жүргізушісін ұстады, деп жазады Polisia.kz. Оқиға Жетісай ауданында болған.
Полицейлерге аудандық аурухананың дәрігерлерінен 8 жасар баланың түрлі дене жарақаттарымен түскені туралы хабар түскен. Сұрау барысында тәртіп сақшылары кішкентай баланы Lada автокөлігі соғып, қашып кеткенін анықтады. Артынша, күдіктінің кім екені де белгілі болған.
«Екі сағат ішінде тәртіп сақшылары күдіктіні өзінің үй жағынан қолға түсірді, ол жергілікті тұрғын болып шықты. Тексеру барысында күдіктінің көлік құралын басқаруға құжаты жоқ екені, ұлының көлігін мас халде басқарғаны анықталды. Сараптама қорытындысына сәйкес «орта дәрежелі» мас күйде екені белгілі болды. Күдікті қамауға алынды», - делінген полиция таратқан хабарламада.
Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 345-1-бабымен «Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» және 347-бабымен «Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.