Халықтың тұтынушылық және ипотекалық қарызының көлемі артты
Қазақстандықтар 7,2 трлн теңге несие алған
Жыл басынан бері халықтың несие алу көрсеткіші 7,5%-ға өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді.
«Жеке кәсіпкерлік субъектілерін қоса алғанда, халықтың кредиті ағымдағы жылдың басынан бері 7,5%-ға немесе 7,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Оның құрылымында тұтынушылық қарыздар 1,4%-ға немесе 4,3 трлн теңгеге дейін, ипотекалық қарыздар 22,6%-ға немесе 2,2 трлн теңгеге дейін мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен өсті», - деді Досаев.
Сонымен қатар, Ерболат Досаев қысқа және ұзақ мерзімді несиелер бойынша есеп берді.
«Қысқа мерзімді кредиттер 1,8%-ға азайды. Бизнестің кредиттік қоржыны жыл басынан бері 1,1%-ға немесе 7,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Заңды тұлғалардың теңгелік несиесі бойынша мөлшерлеме ағымдағы жылдың қазан айында 11,8%-ды құрады, оның ішінде қысқа мерзімді несиелер бойынша – 11,6%, ұзақ мерзімді несиелер бойынша – 12,3%», - деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Альберт Рау елімізде микроқаржылық ұйымдардан қарыз алған 310 мыңнан астам адамның жағдайы мәз емес екенін айтқан еді.