Төлем жасау 2 күннен 1 минутқа дейін жеделдетіледі – Ұлттық банк
Қазақстанда ұлттық төлем жүйесін дамыту бағдарламасы қабылданды
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев ұлттық төлем жүйесін дамыту бағдарламасы қалай іске асырылатыны жайында айтты.
Досаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 30 қарашада Ұлттық банк ұлттық төлем жүйесін дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдады.
«Бірінші кезеңде - 2021 жылы жедел төлем жүйесін әзірлеу және төлем карточкаларының банкаралық жүйесін құру жүргізілетін болады. 2022-2023 жылдары жаңа сервистерді қосуға назар аударылады», - деді ол Үкімет отырысында.
Осылайша, ISO 20022 қаржылық қатынастардың халықаралық стандарты форматына көшуге, қашықтан сәйкестендіру сервисін дамытуға, Open API және Open Banking бойынша талаптарды тұжырымдауға, қаржы нарығындағы инновацияларды қолдау үшін реттеуші базаны жетілдіруге, ЕАЭО-да үндестіру және цифрлық валюта мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.
«2024-2025 жылдары ұлттық төлем инфрақұрылымын және жаңа сервистерді дамыту бойынша жұмыстар жалғасады. Бағдарламаға енгізілген шараларды табысты іске асыру қолма-қол ақшасыз төлемдер бойынша шығындарды 2 есе азайтуға, ел ішіндегі төлемдерді екі күннен бір минутқа дейін жеделдетугемүмкіндік береді. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді пайдалану кеңейтіледі. Сондай-ақ, ұлттық төлем жүйесі шетелдік операторларға тәуелділікте арылады», - деп түйіндеді Ұлттық банк басшысы.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан