$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.06.2020, 15:00
Экономика

Омарташы Терещенко, бағбан Кәкімжанов және сауыншы Досмұхамбетов – экс-шенеуніктер қазынаға қанша салық төлеп жүр

Azattyq Rýhy экс-шенділердің бүгінгі тыныс-тірлігі жайлы мақалалар сериясын ұсынады

Омарташы Терещенко, бағбан Кәкімжанов және сауыншы Досмұхамбетов – экс-шенеуніктер қазынаға қанша салық төлеп жүр
Коллаж: Жанар Жумабекова

Саясаттан қол үзіп, үлкен бизнесте, соның ішінде ауылшаруашылық саласында еңбек етіп жатқан кәсіпкерлерден кімдерді білеміз?  Қазақстан Үкіметін 1991-1994 жылдары басқарған Сергей Терещенко, 1997-2003 жылдары билікте түрлі жауапты қызметтерде болған Зейнолла Кәкімжанов, 1996-2006 жылдар аралығында ірі мемлекеттік қызметкер болған Темірхан Досмұханбетов Алматы облысында ірі-ірі ауылшаруашылық кешендеріне иелік етеді. Azattyq Rýhy экс-шенеуніктер ел қазынасына қанша салық төлеп жүргенін есептеп көрді.

ТЕРЕЩЕНКО ЖЫЛЫНА 2 МЫҢ ТОННА БАЛ САТАДЫ

Ресейде туған, ұлты украин Сергей Терещенко Ұзақбай Қарамановтан кейін елде үш жыл Премьер-министр болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, экономиканың құлдырап, өндіріс көрсеткіші төмендеп кеткенде маңызды лауазымға тағайындалды. Қызметін ұжымшардың бас инженерлігінен бастаған жас маман партия жолымен жүріп, қызметте тез мансапқа жеткен. Ол сол кездегі Шымкент облысында қызмет атқарып, ауылшаруашылық саласының қыр-сырын жақсы білген.

2010 жылы түбегейлі кәсіпкерлікке кеткен Сергей Александрович Ұлттық омарташылар одағын құрады. Бал арасын жеке шаруашылық ретінде емес, Кеңес заманындағыдай қайтадан ғылыми тұрғыдан зерттеп, шаруашылыққа жаңа технология алып келумен айналысады.

Сергей Терещенко 2012 жылдан бері елдегі ең беделді 50 бизнесменнің санатынан түспей келеді. Биыл 69 жасқа келетін кәсіпкер Forbes тізімінде «Интеграция» халықаралық қорының Басқарма төрағасы ретінде 10-нан астам ірі компанияға иелік етеді.

Сергей Александрович Терещенконың көмекшісі, кейінгі жылдары «Бал-Ара» омарташылар қауымдастығында вице-президент қызметін атқарып жүрген Ғабит Нұрәділ атты азамат бұрынғы Премьер-министрдің жоғарыдағы фирмаларға қатысы барын жоққа шығарған жоқ. Барлық салада кәсібі бар. Бірақ осы жылдары мұнай-газ саласына араласпағанын айтты. 

«Ол кісінің (Терещенко- AR) денсаулығына байланысты журналистермен көп сұқбаттасуға құлқы жоқ. Қант диабетінен зардап шегеді. Таяққа сүйеніп жүретінін білесіздер ғой. Қасында жүргенде, интервью бергенде естіген ақпараттарыммен бөлісейін.

Бинестері негізінен ауылшаруашылық саласында. Былай маған қатысты жағына айтатын болсам, республикалық «Бал-Ара» деп аталатын ұлттық омартышалыр одағын құрған еді. Өзі бағатын аралары да бар. Арадан бал алудағы әлемдегі жаңа технологияларды пайдаланады. Ескі әдіспен емес, бал алудың жаңа мүмкіндіктерін игерген адам»,- дейді Ғ. Нұрәділ

Оқи отырыңыз. «Қырыққабатты көмуге 2 млрд теңге жұмсаған Үкіметте фантазия жоқ» – Қазақстанның тұңғыш премьер-министрі

Ауылшаруашылық саласында С. Терещенконың ең ірі кәсібі балдан бөлек құс еті мен жұмыртқасын өндіру. Түркістан облысындағы «Ордабасы-Құс» деген фабрика күркетауық өсіріп, оның етін сойып сатумен айналысады. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында жеміс-жидектің жаңа түрлерін будандастырып, оны асылдандырумен айналысатын үлкен шаруашылығы жұмыс істеп тұр. Оған шетелден ғалымдарды шақырып, әлемдік технологияларды қолданады. Ал Бақбақты деген жерде (Алматы облысы Балқаш ауданы-AR) интенсивтік бау-бақша бойынша шаруашылықтарды ашып, ол жақта да белсенді жұмыс істейді.

«Алматы облысында күнбағыс майын алатын зауыт салды. Екі-үш ай болды Амандық Баталовпен бірге осындай кәспорынды ашқан еді.  Күнбағыс, рапс егіп, содан май алады. Білуімше табиғи энергияны пайдалану арқылы су, күн көмегімен электр энергиясын алатын кәсібі де бар. Ол мына Жамбыл облысында үлкен ГЭС салғанда инвестор болды.

Шығыс Қазақстанда Тарханка деген жерде жылына 2 мың тонна ара балын фасовка жасап, сатады. Бұл үлкен көлем. Мұндай көлемде Қазақстанда ешкім жасаған жоқ әлі. Солтүстік жақта жерді арендаға беретін, егіспен байланысты кәсіптері бар. Бірақ мұнай-газға жоламайды»,- дейді Ғабит Нұрәділ.

«Интеграция» халықаралық қоры 1994 жылы ресми тіркеуден өткен. Жетекшісі, әрине, Сергей Терещенко. Бюджетке төлеп келген салығы мардымсыздау. Кей жылы - 1 млн, кейбір жылдары 304 мың теңге ғана.

ЭКС-ҚАРЖЫ МИНИСТРІ ЖҮЗІМ ӨСІРЕДІ, ҮЙІР-ҮЙІР ЖЫЛҚЫ БАҒАДЫ         

Зейнолла Кәкімжанов журналистермен сирек сұқбаттасады, өзінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісе бермейді. Зейнолла Қалидоллаұлы Facebook желісінде өте белсенді. Бұрынғы қаржы министрі қазіргі бизнесі мен жетістіктері жайында жеке парақшасында бөлісіп отырады. Орыс тілінде жиі посттар жазып, әлеуметтік желідегі жазылушыларымен пікір алмасады.

Кәкімжанов мемлекеттік қызметті 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі ретінде  бастаған. Оған дейін жеке  қаржы секторында жинаған тәжірибесін ескеріп, сырттан инвестиция тарту саласы тапсырылды. Көп ұзамай Мемлекеттік кіріс министрі, Қаржы министрі қызметтеріне тағайындалып, Үкіметтің бұл саласында 5 жыл еңбек етеді. Одан кеін қайтадан Қазақстанның инвестициялық қорын басқарып, 2008 жылы мемлекеттік қызметтен  біржола шеттетілді.  

Ашық дерекөздерінде З. Кәкімжановтың республикалық масштабта жол құрылыыс саласында ірі кәсіпорындарға иелік ететіні жазылады. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» күре жолы, «Алматы-Өскемен» тас жолы  және елдегі өзге де ірі құрылыстарға инвестиция тартумен және тендерлерге қатысумен айналысады. Осы жол саласында ұзаққа созылған сот процестерінде бұрынғы қаржы министрінің есімі жиі аталып, БАҚ беттерінде ұзақ талқыланды.

Әлеуметтік желілерден кәсіпкердің негізінен аулышаруашылық саласындағы бизнестері туралы мол мағұлматтар алуға болады.   Зейнолла Кәкімжанов 2006 жылы Arba Wine шарап компаниясын құрып, қазіргі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында жүзім плантацияларына иелік етеді. Arba Eco Auyl жобасын жасап, туризм бағытында шетелден келетін туристер мен танымал тұлғаларды мейман етеді.Оның Іле Алатауы бөктеріндегі жүзім алқаптарынан алынған шараптары да сұранысқа ие. Өнім Алматының орталығындағы өз мейрамханасы мен фирмалық дүкенінде саудаланады.

Соңғы күндері ол Facebook-тегі парақшасына Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданындағы Шалабай деген аймақтан бейне және фото суреттерді жиі салады. Фермер бұл аймақта түрлі егістікпен және асылтұқымды мал шаруашылығымен айналысатынын байқауға болады.  Ауылшаруашылығына инвестиция құюды үлкен табыс көзі деп есептейтін кәсіпкер қазақ жерінің өнімдерін әлемдік нарыққа шығарып жатқанын айтады.

«Arba wine» жауапкершілігі шектеулі серіктеcтігі 1999 жылдың мамырында құрылған. Контроагенттер дерегінде Зейнолла Кәкімжановтың атына тіркелген. Дәл осы базада компанияның 2013 жылдан бергі әр жылдағы салығы туралы дерек бар. 2013 жылдан бері әр жылдары 10-25 млн аралығында салық төлеп жүрен компания 2018 жылы 38 млн теңгеге жуық, ал, 2019 жылы 45 млн теңге салық төлеген.

ДОСМҰХАМБЕТОВ БІР СИЫРДАН 77 ЛИТР СҮТ АЛАДЫ 

Темірхан Досмұхамбетов Терещенко мен Кәкімжанов сияқты мемлекеттік қызметтегі ұзақ жылдық тәжірибесін ауылшаруашылықпен ұштастыра білген азаматтардың бірі. Алматы облысында «Байсерке-Агро» кешені ең үлгілі шаруашылық. Темірхан мырза он жыл мемлекеттік қызметте жүріп, Астана қаласының әкімі, Спорт және туризм министрі, Мәжіліс депутаты ретінде елге белгілі болды.

Темірхан Мыңайдарұлының шаруашылығын  Бірінші Президент, Елбасы үлкен жиындарда мысалға келтіріп, адам сенгісіз жетістіктерге жеткенін айтқан болатын. Үлкен саясатты агроөндірістік холдингтегі шаруашылығына ауыстырған бұрынғы шенеунік шетелдік тәжірибені енгізуге, ғалымдарды ауылшарушалық ғылымына тартуға ақша аямайтыны туралы деректер  жиі кездеседі.  Досмұхамбетов басылымдарға берген сұқбатының бірінде:

 «Комиссия құрып, менің шаруашылығыма келіңдер. Айтқаныма сенбесеңдер өз көздеріңмен көріңдер. «Байсерке» кешенінің сауыншылары бір сиырдан бір тәулікте 77 литр сүт алады»,- деген болатын.

БАҚ беттерінде осыдан кейін «Ауылшаруашылығындағы Досмұхамбетов құбылысы» деген тақырыппен материалдар жарияланды.

Былтыр 70 жасқа толған  бұрынғы спорт және туризм министрінің отандық туризм саласында да бизнесі бар. Отандық БАҚ акцияларына иелік етеді. Айт кету керек, Темірхан Досмұхамбетовтің Алматыдағы үйінен 2017 жылы тамызда 3 млн АҚШ доллары ұрланды деген ақпарат Қазнет кеңістігінде қызу талқыланған болатын. 

«Байсерке-Агро» ЖШС-ның жетекшісі ресми түрде Нұрлан Оспанов деген азамат. Бұл ірі серіктестіктің ең аз салығы 2014 жылы тіркеліпті - 4,5 млн теңге. Бірақ, кейінгі жылдары табысы молайған компания жылына кем дегенде 10 млн теңге салық төлеп отырған. Былтыр тіпті қазынаға 76 млн теңге салық берген.

Ришат Асқарбекұлы, Кенжекей Тоқтамұрат 

Серіктес жаңалықтары