2019 жылы бір шаруашылық қана шошқаға субсидия алған - ҚР АШМ баспасөз хатшысы
Оның айтуынша, биыл ешкім субсидия сұрамаған
2019 жылы бір шаруашылық қана шеттен 6 бас шошқа әкеліп, 840 мың теңге алған. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бүгін әлеуметтік желіде әріптесіміздің «тиімсіз субсидия» жайындағы бейнесауалы қызу талқыға түсіп жатыр. Біз кейде бір ақпаратты естісек, соны саралап-сараптаудың орнына есіміз шығып, екінші біреуге ерекше екпінмен жеткізуге тырысамыз. Шошқаны шетелден әкелсең төленеді деген субсидиядағы санды көріп, сала мамандарынан ақпарат беріңіздерші дедім. 2019 жылы бір шаруашылық қана шеттен 6 бас шошқа әкеліп 840 мың теңге алған екен. Ал 2020 жылдың тең жартысы өтсе де, осы сәтке дейін шетелден шошқа сатып әкелдім деп ешкім бізге өтініш жазып, субсидия сұрамапты. Яғни, босқа байбалам салудың қажеті жоқ», - деп жазды Жанжігіт Омархан.
Ол ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметовтің жылқы шаруашылығына жасалып жатқан барлық қолдаулар туралы, шошқа шаруашылығына көрсетілетін бұрынғы көмек жүйеленіп екі есе қысқартылғаны туралы, сонымен қатар қой шаруашылығын қолдау бойынша мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігі туралы айтқан видеосын жариялады.