Құны 400 млн теңгеден асатын «Мақтаарал» индустриалды аймағында 2 жоба ғана іске қосылған
Әу бастағы жоспар бойынша бұл жерде 10 жоба берілуі тиіс
Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы индустриалды аймақ 2014 жылы құрылған. Аймақтың құрылуына Мақтаарал ауданының әкімдігі бастамашы болған. 28 гектар жерді алып жатқан аймақтың құрылысын жүргізу үшін кезінде қазынадан 431 миллион теңге қаржы жұмсалған. Аталмыш аймақта жоспар бойынша он шақты жоба жүзеге асуы тиіс болған.
Мақтаарал ауданындағы индустриалды аймаққа осыдан 2 жыл бұрын, яғни 2018 жылы да келгенбіз. Ол кезде аймақтың атауы «Мақтаарал» болатын. Кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының (сол кездегі облыс атауы – авт.) әкімшілік-аумақтық құрылысында өзгеріс жасалып, Жетісай, Мақтаарал аудандары болып екіге бөлінді. Ал, «Индустрияландыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында құрылған аймақ Мақтаарал ауданының әкімшілік териториясында қалды.
Сол кезде (2018 жылы – авт.) аймақта 2 жоба жұмыс істеп тұрды. Бірі - «Береке-ММА» ЖШС мақта өңдеу зауыты болса, екіншісі - асфальт, бетон өнімдерін шығаратын «Soldatos» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Тағы екі жобаның құрылысы басталғанмен, кейін тоқтап қалды.
Арада 2 жыл өтті. Мақтааралдағы индустриалды аймаққа тағы да жолымыз түсіп, атқарылып жатқан жобалар туралы білмек болдық. Мақсатымыз – соңғы жылдары бой көтерген жаңа кәсіпорын жұмысымен танысу. Алайда, біз бас сұққан еркін экономикалық аймақта еш өзгерістің жоғын байқадық. Аймақтың алыстан менмұндалап тұрған қақпасындағы паспорттың ауысқаны болмаса, шатыры әлі жөнделмеген. Бұрынғы 2 өндіріс орнынан бөлек жаңадан ашылған жобалар жоқ. Жоспар бойынша бұл жерде күріш өңдейтін зауыт пен құрылысқа қажетті арматура шығаратын кәсіпорын болуы тиіс.
Индустриалды аймақ қараусыз қалған. «Береке-ММ» ЖШС мақта зауытының қарауылынан басқа бір жан кездестіре алмадық. Жасы жетпістен асқан қарауылдың осы жерде жұмыс істеп жүргеніне 5 жылдан асыпты. Оның айтуынша, осы уақыт аралығында (5 жыл – авт.) жергілікті әкімдік тарапынан индустриалды аймаққа күтім жасау үшін, іс жүргізу мақсатында ешкім келмеген.
«Әкімшіліктен біреу келіп «не істепжатсыңдар, не қойып жатсыңдар» деген біреу болмады. Өздері жұмысты қолға алмаса, басқа істейтін кәсіпкерлерге бермей ме? Кәсіпкерлерді қолдау керек. Индустриалды аймақтың көп жері босқа жатыр. Мында күріш өңдейтін зауыт болуы керек еді. Қожайыны жоба құрылысын енді бастағалы жатқанда қайтыс болып кетті. Балалары бар. Олардан сұрап едім, құрылысты жалғастыруға, бастаған істі қолға алуға бір тиын ақшасы жоқ екен. Осылайша бастаған іс аяқсыз қалды. Сосын асфалть-бетон зауыты бар. Ол істеп тұр. Қайдан екенін білмеймін, құрал-жабдық алып келеді. Сүйтсем, басқа зауыттардың ескі жабдықтарын әкеледі екен. Көшенің соңында қора тұр, Ауғанстаннан келген бір азамат сол жерде арматура шығарам деп кіріскен. Кейін ол да жоқ болып кетті», - дейді егде тартқан қарауыл.
Ақсақал айтқан арматура шығаратын зауыт – темірді балқыту және қайта өңдеу жобасын іске асырмақ болған «Asia Metall Group LTD» компаниясы. Одан бөлек, бұл аймақта «Green Gross ECO» ЖШС медициналық құрал жабдық өндірісі жобасын іске қосуы тиіс болған. Алайда, аймақ жұмысына жауаптылардың сөзіне сенсек, аталмыш компаниялармен арадағы келісімшарт бұзылған. Қазір басқа инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатыр екен.
«Қазір «Soldatos» ЖШС индустриялды аймақтан қосымша 8 гектар жер сұрап жатыр. Олар қант зауытын ашуды көздейді. Бұдан бөлек, күріш өңдеу зауытының орнына жылына 10 мың тонна бақша және жеміс-жидек өнімдерін өңдейтін зауыт салынады. «Ғибрат құрылыс» компаниясы темір бетон құрылысын өндіретін зауытын салу үшін 2 жарым гектар жер сұрап отыр. Индустриалды аймақ осы жобалармен толады деп жоспарлап отырмыз. Яғни, қазір жұмыс істеп тұрған зауыттардың қатарына тағы 3 жоба қосылады. Бұрын жоспарланған жобалардың барлығы тізімнен алынады. Себебі, оларға жерді игеру үшін 1 жыл уақыт берілді. Кестеге сәйкес жұмысын жүргізбеген компанияларға берілген жер кері қайтарылып жатыр. Бұрынғы инвесторлардан жерді алып, жаңа жоба ұсынғандарға беріледі. Қазір құжат рәсімделіп жатыр», - деді Мақтаарал ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Өсер Мырзамданов.
Жергілікті әкімдік өкілі 6 жыл бұрын құрылған индустриалды аймақтың жұмысына баға беруден бас тартты. Оның айуынша, қызметке келгеніне 1 айдан енді асқан. Алдағы уақытта аймаққа қатысты сараптау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр екен.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысындағы құны 300 млн теңгеден асатын «Шаян» индустриалды аймағы қаңырап бос тұрғаны жайлы жазғанбыз. Бұл мәселе бойынша Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жауап беріп, индустриалды аймақта мердігер мен тапсырыс берушінің арасында дау барын, сол дау біткеннен кейін индустриалды аймақтың іске қосылатынын айтты.
Арай Есенбек, Түркістан облысы