$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.09.2019, 10:09
Экономика

Құны 300 млн теңгеден асатын «Шаян» индустриалды аймағы қаңырап бос тұр

Түркістан облысы  Бәйдібек ауданында құрылысы 2014 жылы басталған «Шаян» индустриалды аймағында әлі күнге бірде-бір жоба жүзеге аспаған

Құны 300 млн теңгеден асатын «Шаян» индустриалды аймағы қаңырап бос тұр

Шымкенттен Бәйдібек ауданына барар жолда «Шаян» индустриалды аймағы» деген жазу алыстан менмұндалап жолаушы назарын өзіне аударып тұрады. Қоршауы үлкен аумаққа әдемілеп қақпа да салып қойыпты. Бірақ, ол жерде жұмыс істеп тұрған бірде-бір өндіріс орнын көрмейсің. Тіпті, жобаларын жүзеге асыруға ниеттеніп, құрылыс жүргізіп жатқан жанды да байқамайсың. Индустриалды аймақтың жай-күйін білу үшін аудан әкімдігіне хабарласқанбыз.

«Мен ешнәрсе білмеймін. Сол себепті де ештеңе айта алмаймын. Біздің аумақта орналасқаны болмаса, тапсырыс беруші біз емеспіз, ештеңе де істетпегенбіз. Индустриалды аймақ біздің атымызға қабылданбаған»,- дейді Бәйдібек аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Руслан Нұрманбетов.

Нұрманбетовтың бұл сөзін Түркістан облысының Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасындағылар да растап отыр. Күні бүгінге дейін «Шаян» индустриалды аймағына инвестиция салмақ болған кәсіпкерлер де болған екен. Басқарма өкілі Кәдіржан есімді азамат бүгінгі күнге дейін 6 жоба бар екенін, бірақ аймақты облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы әлі өздеріне қабылдап алмағаны қол байлау болып тұрғанын айтады.

Аты ғана бар индустриалды аймақты аралап көргенімізде, инфрақұрылым жүйелері жүргізіліп, электр қуаты тартылғанын, кәріз жүйесі мен бір шақырымды қамтитын ішкі жолдар бар екенін аңғардық. Десе де, мұнда су мәселесі әлі шешілмепті. Түркістан облысы энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасындағылардың айтуынша, аудан әкімдігі жобалау жұмыстарын жүргізгенде ауыз суды есепке алуды ескермеген. Яғни, суды индустриалды аймақ маңындағы Жыланды елді мекенінен тартуды көздеген. Алайда, ол жақтағы су көзінің қуаты жеткіліксіз болып шығыпты.

Облыстық басқарма индустриалды аймақтың қаңырап бос тұруын аудан әкімдігінің салғырт жұмыс істеуінен көріп отыр.

«Су мәселесі шешілмей жатыр. Жобаны аудан жасаған. Ол жердегі судың қуаты секундына 4 литр ғана екен. Оның өзі ауыл халқына жетпей жатыр. Халық ол жерден суды бізге алғызбай қойды. Ал, индустриалды аймаққа секундына 6 литр су керек. Сол су мәселесі уақытында шешімін таппады. Енді аудан әкімдігі өз тарапынан қаражат қарастырып, индустриалды аймақтың ішінен 2 су құдығын қазып жатыр. Бізге тиесілі инфроқұрылымның бәрін жүргізіп қойдық. Бұл жерде 6 кәсіпорын түседі деген. Бірақ, бүгінге дейін бірде-бір кәсіпорынның құрылысы басталмады. Кәсіпкерлік тарапынан жұмыс жүрігізіліп жатқан жоқ. 5-6 жыл өтті, әзірге ол жерде еш кәсіпорын жұмыс істемейді. Басқа аудандарда жоқ дегенде 2-3-еуі істеп жатыр. Аудан әкімдігі жергілікті кәсіпкерлерді ұйымдастыра алмай отыр. Бәйдібекке ешқандай кәсіпкерлер келмей жатыр. Біз инфроқұрылымын салып бердік. Олар әрі қарай ұйымдастыра алмай отыр. Егер ішінде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысаны болса, ол су жоқ деп әкімдіктің мазасын ала берсе, шешімі табылар еді ғой», - деді Түркістан облысы энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы жобалау бөлімінің басшысы Жарқынбек Құрманбек.

Қысқасы, «Шаянның» мәселесіне жауапты мекемелер кінәні бір-біріне сілтеп отыр. Олардың берген мәліметтеріне назар аударсаңыз, «аймаққа нақты жауапты қай мекеме?» деген заңды сұрақ туындайды. Өйткені, екі мекеменің берген мәліметтері бір-біріне сай келмейді. Мәселен, аудандағылар индустриалды аймақтың құрылысына 343 миллион жұмсалды десе, басқармадағылар жоба құны 310 миллионды құрайды дейді. Бірі қақпасының өзіне 13 миллионнан астам қаржы жұмсалды десе, енді бірі бір тиын шығындалмай салғанын айтады. Қысқасы, 2014 жылы құрылысы басталып, 2016-да пайдалануға берілуі тиіс «Шаян» индустриалды аймағының мәселесі әлі күнге дейін бір шешімін таппай отыр.

Ақпарат үшін айта кетейік, индустриалды аймақтар еліміздің әрбір өңірінде «Индустриалды инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ашылған болатын. Аталған аймақта кәсіпорын ашамын деген ірі кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан тегін жер телімі беріліп, олар кәсіпорынды салып алғанша коммуналды төлемдерден және салықтан босатылған. Қазіргі Шымкент қаласы мен Түркістан облысы аумағында (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) бірнеше индустриалды аймақ бар. Олардың алғашқысы – «Оңтүстік» АЭА. Мұнан кейін өңірде «Ордабасы», «Тассай», «Шаян» секілді бірнеше индустриалды аймақ ашылып, ондаған кәсіпорын жаңадан құрылды және мыңдаған адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Дегенмен, аталған аймақта ашылмай жатып жабылып қалған кәсіпорындар да аз емес.

Жандос БАЙДІЛДА

Серіктес жаңалықтары