Заңгер айына 2,5 млн алып отырған БЖЗҚ басшыларының заңсыз әрекеттерін әшкереледі
Заңгер Жангелді Сүлейманов тендер өткізуде заң бұзушылықтарға жол берген деп Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын сотқа берді
Белгілі заңгер Жангелді Сүлейманов БЖЗҚ-ға қатысты жүргізілген аудитті заңсыз деп тануды талап етіп, сотқа жүгінді. Оның айтуынша, тексеру барысында өрескел заң бұзушылықтар болған. Заңгер «Azattyq Rýhy» тілшісіне берген сұхбатында аудиттің зейнетақы активтерінің орнына зейнетақы схемасына жүргізілгенін айтады.
«Аудит қызметі туралы заңға сәйкес негізінен аудит зейнетақы активтеріне жүргізіледі. Ал мында аудит қорытындылары тексерудің зейнетақы схемасына жүргізілгенін айтып тұр. «Пенсионная схема» терминінің БЖЗҚ-ға еш қатысы жоқ. БЖЗҚ-да зейнетақы схемасы деген болмайды. Зейнетақы схемасы жеке компаниялар мен жұмыс берушілерде болады. Мұндай өрескел қатені әлемдік аудитордың білмеуі мүмкін емес. Олар ресейлік Делойт (аудит жүргізетін компания - Azattyq Rýhy) бөлімшелерінің бірінен РФ мемлекеттік зейнетақы қорының әлдебір есебін алып, соны толықтай өз есебі ретінде ауыстырып көрсеткендей күдік тудырады. Және БЖЗҚ осы аудит үшін 43 млн теңге төлеген», - дейді Сүлейманов.
Сондай ақ, заңгер зейнетақы қорының мемлекеттік сатып алу ісінде де кемшіліктер көп екенін алға тартады.
«Мәселен, әрқайсы 5 мың теңге тұратын күнделік сатып алған. Мұндай баға нарықта жоқ. Демек, кемінде екі есе қымбат бағамен алып, үстінен пайда көрген болуы мүмкін. Күнделіктердің не себепті қымбатқа түскенін егжей-тегжейлі анықтау керек», - дейді заңгер.
Заңгер БЖЗҚ басқарушы директоры Мәулен Өтеғұловтың мәліметтеріне сүйеніп, қор қызметкерлері күніне қанша әжетхана қағазын пайдаланатынын санап шыққан.
«Олар 434 қызметкерге арнап 24 мың орам әжетхана қағазын сатып алған. Біз арнайы есептеп, 24 мың орам әжетхана қағазы орташа есеппен қанша метр шығатынын анықтап, оны жылдың жұмыс күндеріне бөлдік. Шығатын қорытынды – бір қызметкер күніне 5-6 метр әжетхана қағазын пайдаланады деген сөз. Бұл деген абсурд. Олардың бір күнде 400 адам әжетін өтеп, 2 км қағаз қолданатындай әжетханасы да жоқ», - дейді Сүлейманов.
Шағымданушының айтуынша, БЗЖҚ басшыларының айлық жалақысы министрлердікінен бірнеше есе жоғары.
«Бес басшысының орташа жалақысы айына 2.5 млн теңге. Олардың басшылықтағы және қатардағы қызметкерлеріне қанша төленгені туралы есебі жарияланған. Есепте көрсетілгендей, БЖЗҚ-ның бес басшысына 136 млн теңге жұмсалған. Не үшін? Бізде министрлердің өзі одан аз алады. Ал қалған 1500 қызметкерлеріне 7.2 млрд теңге төленген. Бұл орташа есеппен айына 400 мың теңге көлемінде. Бұл не, еліміздегі ең тиімді кәсіпорын ба? Бізде мұнай саласында жүргендер дәл мұндай жалақы алмайды», - деп мәлімдейді заңгер.
Ал, БЖЗҚ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Евгений Сейпульник мұндай жалақы нарыққа сәйкес төленіп отырғанын айтады.
«Басқа ірі көлемде ақша сақтайтын қаржылық ұйымдармен салыстыратын болсақ, бұл ең төменгі жалақы болып есептеледі. БЖЗҚ өзіне тиесілі жұмыстарды атқарып жатыр. Егер жұмыс дұрыс бағаланбай жатса, қай жерде қателескенін нақты айту керек», - дейді Сейпульник.
Зейнетақы қоры төңірігенідегі дауға қатысты экономист мамандар да пікірін білдірді. Ұлттық банк төрағасының бұрынғы кеңесшісі Айдархан Құсайынов БЖЗҚ-ға аудит заңға сай жүргізілген деп есептейді.
«Зейнетақы схемасына аудит жүргізілетіні туралы барлық жерде айтылып жүр. Егер мәселеге тереңірек үңілсе, жалпы аудит схемасында жинақтау аудиті деген болады. Сыйақы жүйесі, басқару жүйесі және басқалары осы схеманың ішіне кіреді. Дұрыс аудит жүргізу тек инвентаризациямен шектелмейді. Аудиторлар зейнетақы жинақтарымен ғана шектелмей, жүйеге толықтай аудит жүргізеді. Аудиторлық есеп жарияланып, аудиторлар көбіне қорытындысын жасайды. Бұл дәстүрде бар тәжірибе», - дейді экономист.
Сондай ақ, Айдархан Құсайынов заңгердің зейнетақы қоры айналасындағы дау-дамайды пайдаланып, атын шығарғысы келетінін айтады.
«БЖЗҚ әжетхана қағаздарын ұрлап жатыр деу, зейнетақы жүйесі бойынша мәселелерге әжет қағаздарын қатыстырып талқылау – ақымақтық. Бұл адамның да, оның талаптарының да деңгейін көрсетеді. Мұны мен бар болғаны хайп, тапсырыс деп ойлаймын», - дейді А.Құсайынов.
Ал БЖЗҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Марина Акмаева аталған жағдайға қатысты қандай да бір мәлімет беруден бас тартты. Оның айтуынша, қазір тергеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, ешқандай мәлімет берілмейді. Ал, заңгер Жангелді Сүлеймановтың талап-арызы бойынша БЖЗҚ-на қатысты сот отырысы 2019 жылдың 15 қазанында өтеді.
Әмірболат Құсайынов, Алматы