«Топтасып зорлаған»: Жамбыл облысында ақыл-есінде кемістігі бар жасөспірім қыз босанды
Дәрігерлер ана мен балаға 1 ай көлемінде көмек көрсетті
Жамбыл облысында ақыл-есінде кемістігі бар жасөспірім қыз бала босанды. «Информбюро» мәліметіне сүйенсек, дәрігерлер оны кесарь тілігі арқылы босандырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дәрігерлердің айтуынша, ана мен баланың жағдайы жақсы. Алайда жасөспірім қыз ана атанғанын әлі толық түсінбейді.
«Анасының да, баласының да жағдайы, дендері сау. Енді тиісті ұйымдарға тапсырылады. Ары қарай өзінің тұрғылықты жеріндегі емханада бақылау жүргізіледі. Ана мен балаға 1 ай көлемінде көмек көрсетілді», – деді Жамбыл облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Гүлзада Әшірбаева.
Жеткіншектің жақындары оны топтасып зорлады деген күдіктілердің әлі бостандықта жүргенін айтып, қылмыстық істің бір жылдан бері сотқа жетпегеніне наразы. Қыздың анасы тергеу барысында қысым көргенін айтып, күдіктілер тарапынан кешірім беруге мәжбүрлеу болғанын мәлімдеді.
«Күдіктілердің орнына өзіңді апарып қамаймын деді. Резонанс тудырта берме, «балаларыңды қайта балалар үйіне алып кетеміз» деп қорқытты. Содан кейін мен резонанс тудыртқан жоқпын. Ешқайда бармадым. Содан бері тергеу амалдары тоқтап тұр», – дейді.
Ал полиция сәбидің әкесі болуы мүмкін жеті күдікті бар екенін растады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, ДНҚ сараптамасын жүргізу үшін жәбірленушінің босануын күткен. Қазір іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Бір жылға созылған қылмыстық іс енді сотқа жолданбақ, ал жәбірленуші тарап кінәлілердің бәрі жауапқа тартылуын талап етіп отыр.