Көкшетауда бірнеше күн бұрын жоғалып кеткен әйел адам мен оның кішкентай қызы табылды
Туыстарының айтуынша, ол 20 қараша күні баласын ертіп үйінен шығып, содан бері байланысқа шықпаған
Көкшетауда 20 қарашада үйінен шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен 32 жастағы әйел мен оның кішкентай қызы іздестіріліп, бірнеше күннен кейін табылды. Бұл туралы Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Полицияның мәліметінше, Көкшетау қаласының полиция басқармасына әйел мен оның баласына қатысты хабар-ошарсыз кету туралы арыз түскен. Туыстарының айтуынша, ол 20 қараша күні баласын ертіп үйінен шығып, содан бері байланысқа шықпаған.
Арыз түскеннен кейін полицейлер бірден іздеу шараларын бастаған. Сонымен бірге волонтерлер де жұмылдырылып, әлеуметтік желілерде әйел мен баланың суреттері мен баруы мүмкін орындар туралы ақпарат тараған.
Құқық қорғау органдары әйелдің таныстары мен жақын ортасын тексеріп, оны көрген болуы мүмкін адамдардан жауап алған.
26 қараша күні «Lider.kz» волонтерлер орталығының көмегімен ювеналды полиция тобының аға учаскелік инспекторы Назира Тұрсынбаева олардың болуы мүмкін мекенжайы туралы ақпарат алған.
Полицей дереу көрсетілген мекенжайға барған. Пәтерде әйелдің таныстары тұрғаны анықталған, сол жерде жоғалған әйел мен оның кішкентай қызы да болған.
Қазіргі уақытта сәби ауруханада, дәрігерлер оның жағдайын тексеріп жатыр. Баланың денсаулығына қандай да бір қауіп бар-жоғы анықталуда.