2020 жылдың аяғынан бастап Қазақстанға шетелдік банктер келе алады
Қорында 20 млрд доллары бар кез келген банк бөлімшесін аша алады
Келесі жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстанда кез келген шетелдік банк аумақтық филиалын аша алады. Басты талап – банктің қаржылай қоры 20 млрд доллардан кем болмауы тиіс, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл туралы бүгін Сенатта Ұлттық банк төрағасының орынбасары Есжан Біртанов мәлім етті. Оның айтуынша, 20 млрд доллар туралы талап – Қазақстан тарапының емес, Дүниежүзілік сауда ұйымының қоятын шарты.
«Қорында 20 млрд доллардан артық қаржы бар банк Қазақстанда бөлімшесін аша алады. Дүниежүзілік банктің осы талабын орындай алатын шетелдік банктер 2020 жылдың желтоқсанынан бастап, филиалдарын ашуға мүмкіндік алады. Және тағы бір талап бар, олар жеке тұлғалардан депозиттік салым ретінде 120 мың доллардан жоғары соманы ала алады», - деді Есжан Біртанов.
Қазір Еуразиялық одақ туралы келісімінің аясында Қазақстан банктері одаққа мүше елдерде, сәйкесінше, Ресей, Беларусь банктері Қазақстанда филиалдарын аша алады.
«Қазір Қазақстанда 14 шетелдік банк жұмыс істейді, оның ішінде Ресей, Түркия елдерінің банктері бар. Еуразиялық одақ елдері арасынан, тек Ресейден басқа елдердің банктері келген жоқ. ЕО келісімшарты аясында дәл қазір Беларусь, Армения, Қырғыз Республикалары банк филиалдарын аша беруге болады», - дейді ол.
Ал, «Қазақстанның банктері шетелдік банктермен бәсекелесе ала ма?» деген сұраққа жауап бере отырып, Есжан Біртанов 2019 жылдың соңында шетелдік аудиторлармен бірге жүргізіліп жатқан зерттеу қорытындысы жария болатынын және сол зерттеу Қазақстан банктерінің шама-шарқын көрсететінін айтты.
«Қазақстанның банк жүйесіне қатысты желтоқсанның соңында бірыңғай нәтиже көреміз», - деді ол.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан