«Адамдар өз құқығын талап етуді, ал жергілікті билік санасуды үйренеді»: жаңа Конституция қандай өзгеріс әкеледі

Сарапшының айтуынша, өңірлердегі қоғамдық ұйымдар мен белсенділердің рөлі бұрынғыдан да арта түседі

«Адамдар өз құқығын талап етуді, ал жергілікті билік санасуды үйренеді»: жаңа Конституция қандай өзгеріс әкеледі
Фото: ЖИ

Еліміздің жаңа Ата заңы ресми күшіне енді. Конституциялық реформалар жоғары билік институттарын жаңғыртумен шектелмей, шалғайдағы ауыл тұрғындарының өмірін қалай өзгертеді? Өңірдегі адам құқығы мен заң үстемдігін қамтамасыз етудің қандай жаңа тетіктері бар? Осы тақырып аясында Azattyq Rýhy тілшісі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Өңірлермен жұмыс бөлімінің бас сарапшысы Данара Сарановамен сұхбаттасып, реформаның басты бағыттарын талқылады. 

 Данара ханым, адам құқығы мен бостандығын қорғауға қатысты өзгерістердің ішінде ең маңыздысын атап өтсеңіз. Бұл өңір тұрғындарының өміріне қалай әсер етеді?

– Менің ойымша, адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты ең маңызды өзгеріс – олардың конституциялық деңгейде жан-жақты әрі нақтырақ қорғалуы. Жаңа Ата заңда адамның өмірі, оның қадір-қасиеті, жеке өмірі мен дербес деректерінің қауіпсіздігі сияқты ең негізгі құндылықтарға ерекше басымдық беріліп отыр. Бұған қоса, бұл құқықтарды қорғаудың заңдық кепілдіктері қазіргі қоғамдық және цифрлық даму үрдістеріне толық бейімделді.

Ал өңір тұрғындарының өміріне қалай әсер етеді дегенге келсек, бүгінде ауыл-аймақтағы ағайынның да күнделікті тіршілігі, жұмысы мен мемлекеттік қызмет алу процесі интернетпен, смартфонмен, яғни цифрлық ортамен тығыз байланысты. Осыны ескерсек, жеке деректерді қорғау мен ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің тікелей Конституция деңгейінде шегеленуі – әрбір азамат үшін өте өзекті дүние болды деп айта аламын. Өңір тұрғындары үшін бұл өзгерістердің практикалық маңызы зор. Күнделікті өмірде заң үстемдігі мен құқықтардың сақталуына қойылатын талаптар енді әлдеқайда нақтырақ айқындалады. Бұл аймақтардағы құқықтық мәдениетті нығайтуға, азаматтардың өз құқықтарын тиімді жүзеге асыруына және мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Адамдар өз құқығын заң аясында талап етуді, ал жергілікті билік сол құқықпен санасуды үйренеді.

Конституциялық реформалар халықтың билікке деген сенімін шынымен арттыра ала ма?

– Конституциялық реформалардың негізгі мақсаттарының бірі – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайту. Ол үшін мемлекеттік органдардың жұмысы ашық болуы керек, олар халық алдында есеп беріп отыруы тиіс. Заң бәріне ортақ болып, адам құқығы бәрінен биік тұрғанда ғана сенім ұялайды. Сондай-ақ, жаңа заңда қарапайым азаматтардың маңызды шешімдерге араласуына, өз пікірін білдіруіне көбірек мүмкіндік берілген. Кез келген заңның пайдасы оның қағазда қалай жазылғанында емес, өмірде қалай орындалатынына байланысты. Халық билік органдарын жаңа баптарға қарап емес, олардың күнделікті ісі мен әділдігіне қарап бағалайды. Сондықтан жаңа ережелер тек қағазда қалмай, ауыл-аймақта, барлық жерде нақты орындалып, адамдарды шынымен қорғай бастағанда ғана халықтың сенімі артады.

Адам құқықтарының «мүлтіксіз қорғалуы тиіс» деген жаңа қағида жұрттың құқықтық санасына қалай әсер етеді?

– Бұл қағида адам құқықтарының қоғамдағы ең жоғары құқықтық құндылықтардың бірі екенін тереңірек орнықтыруға мүмкіндік береді. Яғни азаматтардың құқықтары тек жарияланған нормалар ретінде емес, мемлекеттік басқарудың және құқық қолдану тәжірибесінің негізгі өлшемі ретінде қарастырылады. Кез келген мемлекеттік орган есеп үшін емес, адам мүддесі үшін жұмыс істеуі шарт дегенді білдіреді. Екінші жағынан, бұл қадам қарапайым халықтың да заңды сауатын көтеруге себеп болады. Адамдар өз құқықтары мен міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, оларды заң аясында талап етуді үйренеді. Тұрғындар өз құқығын білген сайын, мемлекеттік органдарға да талап күшейеді, олар өз жұмысын заң талаптарына сай сапалы атқарады. Түптеп келгенде, бұл қоғамда заңды сыйлау, тәртіп орнату және жауапкершілікті сезіну мәдениетін қалыптастырады.

Жаңа Конституция азаматтардың қоғамдық шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігін кеңейтті деп айтуға бола ма?

– Иә, мұндай пікір айтуға негіз бар. Жаңа Конституция азаматтардың қоғамдық шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуының құқықтық негіздерін кеңейтуге бағытталған. Онда халықтың мемлекеттік биліктің қайнар көзі ғана емес, егемендіктің де бірден-бір иесі екені нақты айқындалған. Бұл қағида қарапайым адамдардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Мемлекет қандай да бір саяси қадамдар жасағанда халықтың пікірін ескеруге, қоғамдық ұйымдармен санасуға басымдық беріп отыр. Осы орайда жаңадан құрылған Қазақстан Халық Кеңесін ерекше атап өту керек. Бұл – өте маңызды қадам. Осы алаң арқылы аймақтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылар мен жастардың ұсыныстары мемлекеттік деңгейде тікелей қаралады. Нәтижесінде, халықтың бастамалары жоғары жаққа тез жетіп, маңызды шешімдер қабылдағанда өңірлердің де үні ескеріледі.  Әрине, бұл тетіктердің нақты нәтижесі олардың қаншалықты тиімді әрі ашық жұмыс істейтініне байланысты болады. Дегенмен Конституция азаматтардың қоғамдық қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге берік құқықтық негіз қалыптастырады.

– Өңірлердегі адам құқықтарын қорғау мәселесінде азаматтық қоғам ұйымдарының рөлі қалай өзгеруі керек?

– Меніңше, өңірлердегі қоғамдық ұйымдар мен белсенділердің рөлі бұрынғыдан да арта түседі. Себебі адам құқығын қорғау – тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Бұл ұйымдар халықтың заңдық сауатын ашуға көмектесіп, билік пен бұқара арасындағы ашық әңгімені қолдауы тиіс. Сондай-ақ, аймақтардағы қордаланған мәселелерді дер кезінде жоғары жаққа жеткізіп отыруы қажет. Жаңа Конституция қарапайым халықтың ел ісіне араласуына үлкен мүмкіндік беріп отыр, бұл – қоғамдық ұйымдарға да жаңа жауапкершілік жүктейді деген сөз. Олар тек проблеманы айтып қана қоймай, заңдарды жақсарту бойынша нақты ұсыныстар дайындап, халықтың мұң-мұқтажын билік органдарына дұрыс жеткізе білетін нақты күшке айналуы керек. Бұл жұмыстың әсіресе өңірлерде маңызы өте жоғары. Себебі әр аймақтың өзіндік тұрмыс-тіршілігі мен ерекшелігі бар. Жергілікті белсенділер өз өңірінің жағдайын іштей жақсы білетіндіктен, халықтың нақты сұранысын мемлекеттік шешімдермен ұштастыра алады. Сонда ғана адам құқығын қорғау ісі нәтижелі болып, мемлекет пен халық арасындағы сенім де нығая түседі.

Конституциядағы өзгерістердің аймақтарда толық іске асуы үшін алдағы бірнеше жылда қандай міндеттер орындалуы керек?

– Менің ойымша, Конституцияның өміршеңдігі қабылданған баптардың санымен емес, олардың өмірде орындалуымен өлшенеді. Сондықтан алдағы жылдардағы ең басты міндет  - жаңа ережелердің бүкіл елде, соның ішінде шалғайдағы өңірлерде де бірдей әрі әділ орындалуын қамтамасыз ету. Ол үшін басқа заңдарды да Ата заңға сай тез арада ретке келтіріп, мемлекеттік органдардың жұмыс жүйесін жаңа талаптарға бейімдеу керек. Сонымен қатар, қарапайым халықтың заңдық сауатын көтеруге ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Адамдар өз құқықтары мен міндеттерін жақсы білгенде ғана ел ісіне белсенді араласады, билікпен ашық диалог орната алады. Бұл бағытта мемлекетпен бірге мектептер мен жоғары оқу орындары, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар да бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Қысқасы, аймақтарда биліктің ашықтығын арттырып, халықпен тұрақты кері байланыс орнату және қоғамдық бақылауды күшейту керек. Конституцияда жазылған қағидалар әр азаматтың күнделікті өміріне оң өзгеріс әкелгенде ғана заңның үстемдігі орнап, халықтың мемлекетке деген сенімі нығая түседі.