«Қайын жұртын қырып салған»: Сұлтан Сәрсемәлиевтің ешкім білмеген былықтары әшкере болды
Бұдан бөлек, тергеу өзге де қылмыстық эпизодтардың құқықтық бағасын өзгерткен
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында төрт адамды өлтірді деп айыпталып отырған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты айыптау актісінің жаңа редакциясы жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Мемлекеттік айыптаушылардың мәліметінше, тергеу қылмыстық істің бірнеше эпизодының құқықтық саралануын қайта қарап, бірқатар айыпты ауырлатқан.
Ең елеулі өзгеріс Сәрсемәлиевтің бұрынғы қайын атасы Мақсот Қарабалин мен бұрынғы қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіру эпизодтарына қатысты енгізілген. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар бұған дейін жасалған бұрынғы қайын інісі Наурыз Мұқанғалиевтің өлімін жасыру мақсатында өлтірілген. Осыған байланысты айыпқа қосымша саралау белгісі енгізілген.
Сондай-ақ бұрынғы балдызы Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіру эпизоды бойынша да айып өзгертілді. Тергеу әйелдің психикалық ауруға шалдыққанын, мүгедектігі болғанын және өзін қорғай алмайтын дәрменсіз жағдайда болғанын алға тартып отыр. Осыған байланысты бұл эпизодқа да жаңа саралау белгілері қосылған.
Бұдан бөлек, тергеу өзге де қылмыстық эпизодтардың құқықтық бағасын өзгерткен. Қаза тапқан туыстарының атына рәсімделген мүгедектік жәрдемақысы мен зейнетақы төлемдерін заңсыз алу дерегі енді ақпараттық жүйені пайдалану арқылы жасалған интернет-алаяқтық ретінде сараланған. Ал жәбірленушілердің малын сату эпизоды алаяқтықтан мал ұрлау бабына қайта сараланған.
Айыптау актісінен бұған дейін жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде көрсетілген кінәні мойындау, өкіну және сотталушының кәмелетке толмаған бес баласының болуы алынып тасталған.
Айыптау актісі жарияланғаннан кейін судья Зарема Хамидуллина сотталушыға енгізілген өзгерістерді түсіндірді. Өз кезегінде жәбірленуші тараптың адвокаты Шынар Нұрмұратқызы Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның некесін бұзу туралы Махамбет аудандық сотының шешімін жариялауды сұрады.
Келесі сот отырысы 7 шілдеге белгіленді. Онда Сұлтан Сәрсемәлиев өзіне тағылған жаңа айыптарды мойындайтынын не мойындамайтынын, сондай-ақ қайтадан жауап беруге ниетті ме, әлде бұрынғы жауабында қалатынын мәлімдеуі тиіс.