Бүгін, 16:53
AR trend

«Сотқа күйеуінен сұранбай келе ме?»: Данияр Кенжеұлы Роза коучты кезекті рет сынға алды

Роза коуч діни сарапшыны сотқа беретін болды

«Сотқа күйеуінен сұранбай келе ме?»: Данияр Кенжеұлы Роза коучты кезекті рет сынға алды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Жуырда блогер Роза Әшірбаеваның пікірі қоғамда қызу талқыға түскен. Оның пікіріне діни сарапшы Данияр Кенжеұлымен кері ойын білдіріп, арты сотқа баратыны айтылған. Діни маман бұл жолы блогерге қатысты кезекті жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Даудың басы блогердің әйел адам үшін күйеуінен, енесінен сұрану орынсыз екенін айтудан басталған. Міне оның осы пікірін Данияр Кенжеұлы қатаң сынға алып, қарсылық білдірді.

«Сөзі мыңдаған әйелдің отбасылық шешіміне ықпал ететін адамның контенті нақты заң талаптарын бұзса, оған да «қоюшы қой» деп көз жұма қарамай, заң аясында құқықтық баға беріліп, тиісті шара қолданылуын талап ету бөлек мәселе. Өйткені біреудің шаңырағын шайқалтатын сөзі «жеке пікір» деп жеңілдетуге болғанымен, сол сөздің астында қалған отбасының тағдырын қайтадан «жеке пікірмен» көтеріп бере алмайсың. Қоғамда әйелге зұлымдық жасап жүрген еркектер бар. Мұны жоққа шығарған адам не өмір көрмеген, не көргісі келмейді. Бірақ бір еркектің зұлымдығын еркектің табиғатына апарып таңу қай әділетке сыяды?», – дейді Данияр Кенжеұлы.

Сөзін жалғай отырып, «Күйеуінен қорлық көрген әйел бар екен деп күйеуді күдікке, енесінен жәбір көрген келін бар екен деп ененi жаулыққа айналдырып жіберсек, ертең отбасының ішінде кім кімге сенеді?» деген ойын білдірді.

«Біз зұлымдықпен күресіп жатырмыз ба, әлде зұлымдықтың бір мысалын қолымызға ұстап алып, еркек пен әйелдің ортасына жік салып жатырмыз ба? Осының бәрін неге айтып отырмын? Соңғы уақытта Роза коучтың контентін көрген сайын әйелдің құқығын қорғау деген әңгіменің шекарасынан әлдеқашан шығып кеткенін байқаймын. Мұндай контентке заң аясында құқықтық баға берілуі керек. Отбасы институты кім көрінгеннің контентіне жем болып, қаралымның құрбанына айналатын күнге жетсек – құрыған күніміз сол», – деп Данияр Кенжеұлы кесіп айтты.

Оның бұл пікірін Роза коуч жауапсыз қалдырмай, жарияланымға аты-жөнін, суретін рұқсатсыз пайдаланғанын айтып, сотқа беретінін жеткізді.

«Данияр мырза, қайырлы таң! Уағызыңыз жамағатыңызға пайда әкеле берсін. Мені заңмен жазалаймын деп өзіңіз заң бұзып отырсыз. Фотоны және есімді заңсыз пайдалану бойынша жауапкершілік: ҚР АК 145-бабы – бейнені келісімсіз пайдалану (өшіру және моральдық өтемақы белгіленеді); ҚР АК 143-бабы – жеке басымның ар-намысы мен беделіме нұқсан келтіру (сот белгілеген өтемақы төленсе); ҚР ӘҚБтК 73-3-бабы – жала жабу. 20 тәулікке қамау немесе айыппұл. Деректер нотариалды тіркелді, материал жойылмаса, іс сотқа беріледі. Ашық парақшадан алсаңыз да заң бойынша менің рұқсатымсыз суретімді, атымды қолдануға құқығыңыз жоқ. Инстаграмның өзіне де шағым тастадым. Сотта кездескенше», – деп жауап қайтарды Роза Әшірбаева.

Екі тарап арасында әлеуметтік желідегі тартыс осымен тоқтаған жоқ. Діни сарапшы «Роза коуч сотқа күйеуінен сұранбай келе ме?» деген тақырыпта арнайы жазба жариялады.

«Ал менің Роза коучқа қатысты айтқаным «күйеуіңнен сұран» деген бір мәселенің төңірегі емес еді. Мен оның отбасы туралы әр жерде айтқан бірнеше пікірін сөз еттім және сол пікірлердің бір-бірінен бөлек жатқан кездейсоқ сөздер емес, белгілі бір дүниетанымға қарай жетелейтінін айттым. Алдыңғы жазбадан кейін оқырмандарымнан да, командамнан да оның видеолары қарша жауды. Біразын отырып қарадым. Шынымды айтсам, қайсысын алып, қайсысын қалдырарымды білмедім. Өйткені бір видеода сәтсіз шыққан бір сөйлем болса, «адам ғой, ойын дұрыс жеткізе алмаған шығар» дер едік. Мұнда мәселе бір сөйлемде емес. Бірнеше сұхбатты қатар қойсаңыз, бір ой қайта-қайта басқа киім киіп алдыңыздан шыға береді», – дейді ол соңғы жазбасында.

Ол адамның өміріне тікелей әсер ететін контентке құқықтық сараптама жасалуы керек екенін нықтап тұрып айтты.

«Сол себепті үлкен аудиторияға неке, ажырасу, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы, психологиялық тәуелділік сияқты адамның тағдырына тікелей әсер ететін мәселелерде жүйелі бағыт беретін контентке кәсіби әлеуметтік-психологиялық, қажет жерде құқықтық сараптама жасалуы керек деген пікірімнен қайтпаймын. Нақты материалдардан заңда тыйым салынған ақпараттың белгілері табылса, әрі қарай құқықтық бағасын құзыретті орган берсін», – деп жазды Данияр Кенжеұлы.

Діни маманның толық пікірі төменде көрсетілді.