БҚО-да шабдалы тиеген көлік аударылып, 20 тонна жемісті ауыл тұрғындары жинап алған (ВИДЕО)
Жеміс жинау кезінде төбелес болды
Самара-Шымкент тасжолында тонналап шабдалы тиеп келе жатқан жүк көлігі аударылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқыс оқиға Бәйтерек ауылының тұсында болған. Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші көмек күтіп бірнеше күн бойы жол бойында тұрған. Эвакуациядан күдер үзген ол жергілікті тұрғындарға таза жемістерді тегін алып кетуді ұсынады. Көліктің жанына лезде ондаған ауыл тұрғыны жиналып, бір сағат ішінде 20 тоннаға жуық шабдалыны жинап әкетті. Жеміс жинаушылардың арасында жанжалдасып, бір-бірімен төбелесіп қалғандар болған.
«Жүргізушінің өзі тегін алуды ұсынған соң, сәл де болса әдеп сақтап, кезекпен алуға болатын еді ғой. Бірақ біздің адамдар бір-бірін таптап, жемісті жұлып әкетіп жатты. Мен «тым құрығанда мың теңгеден болса да ақша тастап кетіңдерші» деп айқайлаумен болдым. Ешкім тыңдамады», - дейді жергілікті тұрғындардың бірі Раухат Халилов.
Ауыл тұрғындары Самара-Шымкент тасжолының осы бөлігін өте қауіпті деп санайды. Олардың сөзінше, мұнда көлік апаты жиі болып тұрады. Тұрғындар құзырлы органдардан жол учаскесіндегі қауіпсіздікті күшейтуді және жол апаттарының алдын алу үшін шұғыл шаралар қабылдауды сұрап отыр.