Қазақстандық полицейлер шетелдік көлік жүргізушілерінен 28 млн теңге айыппұл өндіріп алды

Бұған дейін олар елімізде ереже бұзып, жазадан оңай құтылып отырған 

Қазақстандық полицейлер шетелдік көлік жүргізушілерінен 28 млн теңге айыппұл өндіріп алды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Шетелдік көлік жүргізушілері Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл төлей бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жетісу облысы прокуратурасының хабарлауынша, Қазақстан Республикасының аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзған шетелдік мемлекеттік тіркеудегі автокөліктердің жүргізушілерін әкімшілік жауаптылыққа тартуға мүмкіндік беретін жаңа тетік енгізілді.

Осы уақытқа дейін шетелдік нөмірлі көліктер камераға түссе де, олардың иелерін тауып, айыппұл қағазын тапсыру қиын еді. Себебі олардың Қазақстанда тіркелген мекенжайы жоқ. Салдарынан жүргізушілер заңды белшесінен басып, айыппұлды төлеместен елден кедергісіз шығып кетіп отырған.

Енді құқық бұзушылық анықталғаннан кейін көлік құралының иесі анықталып, айыппұл төлеу туралы нұсқама рәсімделеді, ал мемлекеттік шекараны қайта кесіп өткен жағдайда ол құқық бұзушыға табысталады. Төленбеген айыппұл болған жағдайда полиция қызметкерлері оны өндіріп алу шараларын қабылдайды.

Қазірдің өзінде шетелдік мемлекеттік тіркеудегі автокөліктердің 400-ден астам иесі белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 28 млн теңге. Бүгінгі таңда 33 көлік құралының иесінен 1 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді.